Криштиану Роналду әлемдегі ең беделді 100 адамның қатарына кірді

Нұржігіт Айдархан Корреспондент
Криштиану Роналду әлемдегі ең беделді 100 адамның қатарына кірді

Америкалық Time журналы әлемдегі ең беделді 100 адамның тізімін жариялады. Бұл тізім түрлі салалардағы көшбасшы тұлғалар бойынша жасақталды.

БӨЛІСУ

Тізімге спортшылар арасынан Португалия құрамасының және мадридтік «Реал» клубының үздік ойыншысы Криштиану Роналду мен америкалық теннисші Серена Уильямс еніп отыр.

2013 жылдың үздік ойыншысы атанған мадридтік футболшы бұған дейін әлемдегі ең бай футболшылардың көшін бастаған болатын.

Сондай-ақ, «магнаттар» тізімінде он жеті жастағы жаңа зеландиялық гольфшы Лидия Ко, баскетболшы Джейсон Коллинз және америкалық футболдың үздігі Ричард Шерман сынды спортшылар бар.

Естеріңізге сала кетсек, 2013 жылы бұл тізімге велошабандоз Лэнс Армстронг және италяндық футболшы Марио Балотелли енген болатын.

Ал, әлемдегі ең ықпалды саясаткерлердің көшін РФ президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Барак Обама бастап тұр. Сонымен қатар, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри, Қытай басшысы Си Цзиньпинь, Германия канцлері Ангела Меркель, КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон және Египет президенттігінен үміткер Әбдел Фаттах ас-Сиси бар. Ең ықпалды діндар ретінде Рим Папасы Франциск танылды.

Өнер саласындағы ең беделді тұлғалардың қатарында әнші Майли Сайрус пен Бейонсе, актер Мэттью Макконахи мен Бенедикт Камбербэтч, жазушы Арундати Рой және суретші Марина Абрамовичтердің есімдері аталған. 

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: isti.pro