"Қайрат" жартылай финалда сүрінді

"Қайрат" жартылай финалда сүрінді

Жаңа ғана Әзірбайжан астанасы Бакуде аяқталған футзалдан УЕФА Кубогының жартылай финалының алғашқы матчында алматылық "Қайрат" клубы мәскеулік "Динамоға" жол беріп қойды. Тартысқа толы болған кездесу 1:2 есебімен ресейлік команданың пайдасына шешілді. Ойынның алғашқы таймындағы басымдық алматылықтар жағында болғанымен, есеп ашылмады.

Екінші тайм қазақстандық команданың шабуылымен басталса да, бірінші болып Нандо соққан голдың көмегімен "Динамо" есепте алға шықты. "Қайрат" тек 31-ші минутта қарымта голмен жауап бере алды. Көзге түскен - Барон. 

Осыдан кейін алматылықтар "Динамо" футболшыларын қақпа маңында қыспаққа алып гол соғуға тырысқанымен, еш нәтиже шығара алмады. Есесіне, қақпаға бағытталған айып добының бағытын дер кезінде түзей алған Фернандиньо қақпашы Игитудан айласын асыра білді. Таразы басын теңестірмесе, жағдайдың тым ушығып кететінін кеш түсінген "Қайрат" футболшылары шабуылға жаппай командамен көшті. Алайда оған ойыншылардың уақыты да, шамасы да жетпеді. 

Енді екінші жартылай финалдық матчта жергілікті "Араз" бен азулы "Барселона" өзара мықтыны анықтайды. Ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.   

Естеріңізге салар болсақ, өткен жылы алматылық "Қайрат" футзал клубы Тбилисиде (Грузия) өткен аталған турнирдің жартылай финалында испаниялық "Барселонаны" 5:4 есебімен ұтса, финалдық кездесуде бүгінгі қарсыласы мәскеулік "Динамодан" 4:3 есебімен басым түсіп, УЕФА Кубогын иеленген болатын.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: vestikavkaza.ru

Б. Қосмағамбет