Зарина WTA рейтингінде 8 саты жоғарылады

О Сансызбай Корреспондент
Зарина WTA рейтингінде 8 саты жоғарылады

Қазақстандық теннисші Зарина Диас өзінің спорттық мансабында тағы бір жетістікті бағындырды. Бүгін жаңарған WTA рейтингінде жерлесіміз 85-ші сатыдан көрінді.

БӨЛІСУ

20 жастағы талантты теннисші жаңарған рейтингте 8 орын алға жылжыған. Осыған дейінгі рейтигте Зарина 93-ші орында тұрған, ал үздік көрсеткіші 91-ші орын болатын. Жақында Малайзияда өткен турнирдің ширек финалына дейін жеткен жерлесіміз словак Доминика Цибулковадан айласын асыра алмаған еді. Ал тілшілерге берген сұхбатында, спорттық мансабын әлемдегі үздік 30 теннисшінің қатарында аяқтауды мақсат тұтатынын жеткізген-ді.

Қазақстанның үздік теннисшісі саналатын Ярослава Шведова жаңа рейтингте өз орнын сақтап қалды. Ол 55-ші сатыдан қозғалмаса, Галина Воскобоева 2 саты төмендеп 67-ші орынға жайғасыпты.

Ерлер арасында Андрей Голубев 1 сатыға төмендеп, 60-шы орынға табан тіресе, Александр Недовесов 3 орын алға жылжып, 72-ші орынға тұрақтаған. Ал Михаил Кукушкин 827 ұпаймен 57-ші орыннан көрініп отыр.

Әйелдер арасында рейтингті Серена Уильямс, Ли На және Агнешка Радванска бастап келе жатса, ерлер арасында үздік үштік Рафаэль Надаль, Новак Джокович және Станислав Вавринкаға тиесілі болып отыр.

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz