Бүгін АҚШ төрінде әлемнің абсолютті чемпионы анықталады

Бүгін АҚШ төрінде әлемнің абсолютті чемпионы анықталады

Бүгін АҚШ астанасы Вашингтонда кәсіпқой бокс сүйер жанкүйерлер асыға күткен бокс кешінің қаһармандары өз кездесулері алдында соңғы рет таразыға түсті. Айта кетейік, кештің басты оқиғасына баланған WBA белбеуінің иесі қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов пен IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы америкалық 49 жастағы Бернард Хопкинс арасындағы жартылай ауыр салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы атағы үшін болатын кездесуден бөлек, андеркартта (негізгі жекпе-жек алдындағы «қыздырыну кездесулері») тағы екі бірдей чемпиондық кездесу өтеді.  

Назарларыңызға боксшылардың кездесу алдындағы салмақ өлшеу рәсімінен түсірілген видеоны ұсынамыз:


Осылайша, жартылай ауыр салмақ дәрежесіне (79,378 келіге дейін) дәл түсу керек болған сәт келгенде, Бейбіт Шүменов 79,1 келіні көрсетсе, америкалық Бернард Хопкинс 78,2 келі көрсеткішін тіркеді. Байқағандарыңыздай, қазақстандық боксшы азулы қарсыласынан 900 граммға ауыр салмақпен шаршы алаңға шықпақ. Бұл жұдырықтасу кезінде Шүменовке тиімді болуы да ықтимал.

Салмақ өлшеу кезінде тағы бір қызық жағдай орын алды. Боксшылардың көз арбасу сәтінде Хопкинс қазақстандықтың шамына тиетін сөздер айтып, Бейбітті «өз-өзінен шығаруға» тырысып бақты.

2

2

Боксшыларды әрі қарай айтыстырып қоюдың арты үлкен төбелеске әкелуі мүмкін екендігін дер кезінде ұққан команда мүшелері екі батырды дер кезінде тоқтатып үлгерді.

Шынын айту керек, кездесу алды болжам жасайтын бокс сарапшыларының көбі жеңісті америкалық боксшыға әлдеқашан беріп қойды. Сонымен қатар, букмекерлік кеңселер де фаворит боксшы деп бірауыздан Хопкинсті танып отыр. Нақтырақ айта кетсек, америкалықтың жеңісі – 1,45 коэффициентке бағаланса, Бейбітке 3,07 коэффициент тиіп отыр. Бокста тең есептің тіркелуі некен-саяқ екенін ескерсек, бұл оқиғаның жоғары коэффициентке бағалануы да бекер емес – 27.

Сонымен қызыққа толы болады деп күтілген бокс мейрамы 20 сәуірге қараған түні, Астана уақытымен сағат 03:00-те Вашингтондағы DC Armory аренасында басталады. Осыған дейін хабарлағанымыздай, кездесуді елімізге KazSport телеарнасы тікелей эфирден таратпақ.

Басты кездесуге дейін көрермендер жартылай орта салмақтағы IBF тұжырымының чемпионы Шон Портердің бұрын екі бірдей салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған Пол Малиньяджиге қарсы кезекті атағын қорғау жекпе-жегі мен орта салмақтағы WBO белбеуінің иесі (Геннадий Головкиннің басты қарсыласы) Питер Куиллиннің Лукаш Конечныға қарсы чемпиондық кездесуін тамашалайды.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: www.boxnews.com.ua

Б. Қосмағамбет