"Барса" жанкүйерлері "блаугрананы" ашумен күтіп алды (Видео)

"Барса" жанкүйерлері "блаугрананы" ашумен күтіп алды (Видео)

"Барселона" жанкүйерлері өз командасын Испания Кубогі финалындағы жеңілістен кейін қатты сынға алып отыр. 

Marca басылымы жазғандай, "блаугрананың" қолдаушылары өз реніштерін білдіру үшін команданы әуежайдан күтіп алуға барған.

Жанкүйерлер футболшыларды дөрекі сөздермен балағаттап, сатылғандарын айтыпты. Сонымен бірге, ызалы жұрт команданың бас бапкері Херардо Мартиноның орнын босатуын сұраған.  

"Барселона" қазіргі таңда Испания примерасының үшінші сатысында келеді. Осы жылы Чемпиондар Лигасының ширек финалынан аса алмады. Сәрсенбіде "Король Кубогінде" "Реалдан" 1:2 есебімен жеңіліс тауып, қатарынан үш матчта ұтылған тұғын. 

Тағы бір жаңалық, маусым соңында каталондық басшылық команданың көшбасшысы саналып келген және Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Мессиді сатылымға шығаруы мүмкін. Бұл жайлы Sport.es жазады. 

Аргентиналық сұрмергенге франциялық "ПСЖ" клубы қатты қызығушылық білдіріп отыр екен. Дәл қазіргі таңда париждік команда әлемнің төрт дүркін үздік ойыншысы үшін 250 миллион еуро төлеуге дайын секілді. 

Қазіргі таңда Месси "Барселонамен" арадағы келісімшартты ұзартқысы келіп жатыр екен. 

Назарларыңызға каталондық клубтың «Камп Ноу» стадионына оралған кезін және жанкүйерлердің оларды қарсы алған сәтін ұсынамыз: 


Дайындаған: Әкежан Дәкен

Сурет: barcaman.ru

Л. Лига