"Ливерпуль" ерледі. Өз алаңында "Ман Ситиді" жеңді

Ла Лига Корреспондент
"Ливерпуль" ерледі. Өз алаңында "Ман Ситиді" жеңді

Англия чемпионатының 34-турында "Ливерпуль" өз алаңында "Манчестер Ситиді" қабылдаған болатын. "Роджерстің бандасы" Пеллегринидің тәлімгерлерін 3:2 есебімен тізерлетті.

БӨЛІСУ

Енді ағылшын біріншілігіндегі талас-тартыс қыза түспек. "Ман Сити" бұл ойында жеңіліс тапқанмен, жалпы таластан шығып қалмасы белгілі. Ал "Ливерпульге" алда үлкен бір асу күтіп тұр. Стиви Джидің соңынан ерген ізбасарлар лондондық "Челсимен" ойын өткізеді. Моуриньюдің атақты "автобусына" қарсы өтетін кездесу күн тәртібіндегі басты мәселені шешпек. 

Басты мәселе - Англия біріншілігін кім жеңеді? Көпшілік "Ман Ситиден" үмітті. Сол тұста лондондық "Челси" де дәмелі. Мұны ерте бастан аңғарған Мануель Пеллегрини егер алда-жалда "Челси" чемпион болып жатса, онда бұл көпшілік үшін қуаныш болмайтынын, жұрт көңілі толмасын жеткізген-ді. Жалпы, бұл тұста лондондық ұжымның нәтижелілігін меңзесе керек. Ал біздің айтпағымыз, "Ливерпуль" командасы маусымның басты жүлдесіне лайықты бірден-бір ұжым.

Брендан Роджерстің қол астында бой көтеріп келе жатқан команда өзінің жарқын ойын өрнегімен көпшілік көңілінен шығуда. Бай да, бағлан да емес, байыпты ойыншылардан жинақталған орта қол ұжым әзірге етек-жеңін жинауда. Бірер жылда қабырғасы қатайса, сонда барып солтүстік ирландиялық бапкердің баптауында тамаша команда өсіп шықпақ.

"Ливерпуль" – "Манчестер Сити" (Манчестер) – 3:2 (2:0)

Голдар: Стерлинг 6’ – 1:0, Шкртел 26’ – 2:0, Сильва 57’ – 2:1, Джонсон 62’ (автогол) – 2:2, Коутиньо 78’ – 3:2

"Ливерпуль": Миньоле, Джонсон, Фланаган, Шкртел, Сахо, Джеррард,Хендерсон, Стерлинг (Лейва 90'), Коутиньо (Мозес 89’), Старридж(Аллен 66’), Суарес

Қосалқы құрам: Аггер, Аспас, Туре, Джонс

"Манчестер Сити": Харт, Сабалета, Клиши, Компани, Демикелис, Фернандиньо, Навас (Милнер 55’), Туре(Гарсия 19’), Сильва, Насри, Джеко (Агуэро 67’)

Қосалқы құрам: Негредо, Пантилимон, Лескотт, Коларов

Ескертулер: Суарес 6’, Гарсия 21’, Фернандиньо 45’, Сабалета 78’

Ойыннан қуылғандар: Хендерсон 90'

Бас қазы: Клаттенбург Марк.
13 сәуір. "Энфилд"стадионы.

Автор: Әкежан Дәкен

Сурет: fcliverpool.com.ua