Бүгін еуродода жеребелері тартылады

О Сансызбай Корреспондент
Бүгін еуродода жеребелері тартылады

Кеше Чемпиондар лигасының жартылай финалына жеткен клубтар белгілі болса, бүгін Еуропа лигасының жартылай финалына шыққан командалар белгілі болды. Енді жеребе бүгін Швейцарияның Ньон қаласында тартылады.

БӨЛІСУ

Еуропа лигасының да жартылай финалдық кездесулері тартысқа толы болды. Дегенмен фаворит ұжымдар бәрібір мықтылығын танытып кетті. Өткен маусымдағы дәл осы доданың финалисі лиссабондық "Бенфика" қос кездесу қорытындысы бойынша қарағандылық "Шахтермен" бір топта бақ сынаған "АЗ Алкмаарды" 3:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге қиналмай өтті. 

Туриндік "Ювентуске" де "Лион" аса қатты қарсылық таныта алмады. Француздық клуб өз алаңында 0:1 есебімен ұтылса, бүгін түзде 2:1 есебімен тағы жеңілді. 

Тартысты кездесулердің бірі "Рамон Санчес Писхуан" стадионында орын алды. Жергілікті "Севилья" "Портуды" қабылдап, 4:1 есебімен ірі жеңіске жетті. Португалияда бір доп айырмасымен есе жіберген клуб өз алаңында жартылай финал мәселесін шешті.

Ширек финалдағы қызықты кездесулердің бірі "Валенсия" мен "Базель" арасында өтті. Өз алаңындағы алғашқы кездесуде 3:0 есебімен жеңіске жеткен швейцариялық клуб бүгін түзде 5:0 есебімен ойсырай ұтылды. Испаниялық ұжым өз алаңында нағыз мінез танытты. Қосымша уақытта қонақтардың екі бірдей футболшысының алаңнан қуылуын сәтті пайдаланған "Валенсия" екі бірдей гол соғуына мүмкіндік алды. 

Сонымен, бүгін Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жартылай финалдық жеребелері тартылады. Салтанатты рәсім Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады. 

Естеріңізге сала кетсек, кеше Чемпиондар лигасының жартылай финалына мюнхендік "Бавария", лондондық "Челси", мадридтік "Реал" мен "Атлетико" шыққан болатын. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com