Генаны туған күнімен "Madison Square Garden" құттықтады

Генаны туған күнімен "Madison Square Garden" құттықтады

Орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, америкалық беделді "Ring" журналы бойынша «2013 жылдың үздік боксшысы» деп танылған Геннадий (GGG) Головкин кеше өзінің туған күнін атап өткенін хабарлаған болатынбыз. 32 жасқа толған қазақстандық боксшыны тек өз Отанындағы дос-жарандары ғана емес, сондай-ақ АҚШ жеріндегі бокс жанкүйерлері мен әртүрлі ұйымдар да құттықтай кетіпті.   

Оның ішінде Нью-Йорктегі бокс тарихында Мұхаммед Әли мен Майк Тайсонның заманы аралығындағы алтын әріптермен жазылатын ел есінде қалған талай кездесулерді қабылдаған "Madison Square Garden" аренасы да бар. Дәлірек айтсақ, кеше түнде осы спорт кешенінің үлкен экранында: "Happy birthday Gennady Golovkin. From your friends at MSG" (ауд. Туған күніңмен, Геннадий Головкин! MSG Sport-тағы достарың) деген құттықтау жазбасы пайда болды.

1

Естеріңізге салсақ, өткен жылы Геннадий Головкин дәл осы "Madison Square Garden" аренасында екі бірдей кездесу өткізген болатын. Қаңтар айында Габриэль Росадоны уақытынан бұрын жеңсе, қарашада бруклиндік Кертис Стивенсті сегізінші раундта техникалық нокаутпен ұтып, чемпиондық атақтарын сәтті қорғап қала алды. Ал бұл кездесу жыл қорытындысы бойынша рейтингі жоғары үш жекпе-жектің қатарына енді.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: pbs.twimg.com

Б. Қосмағамбет