«Челси» мен «Реал» - жартылай финалда!

О Сансызбай Корреспондент
«Челси» мен «Реал» - жартылай финалда!

Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан алғашқы  клубтар да анықталды. Дортмундтық «Боруссия» өз алаңында мадридтік «Реалды» жеңгенімен, келесі кезеңге өте алмады. Ал «Челси» нағыз ерлік танытты.

БӨЛІСУ

«Борусия д» (Германия) 2 – 0 «Реал» (Испания)


Бүгін «корольдік клуб» Юрген Клопп шәкірттеріне қарсы толықтай қауқар таныта алмады. Алаң иелерінің адуынды шабуылы қонақтар қорғаушыларының жиі қателікке бой алдыруына себепші болды. Алдымен Пепе қателесіп, Марко Ройстың гол соғуына жол ашса, екінші доп соғылар сәтте Левандовский мен Марко Ройс жанынан ешбір қорғаушылар қатары байқалмады. Ал Икер Касильяс екі гол соғылған сәтте де дәрменсіз болатын. Ал 17 минуттағы Анхель Ди Марияның пенальтиді орындай алмауы кездесудің түбегейлі тағдырының шешілуіне жол ашпады. Енді аргентиналық футболшы Карло Анчелотти тарапынан сынға ұшырайтыны да анық.

Екінші таймда мадридтік клуб ойынына аздап жан кіргендей сезілген. Гарет Бэйл бірнеше рет жеке басы шеберлігіне иек артты. Бірақ, нәтиже болмады. Өткен маусымда төрт допты тоғытқан Левандовскийдің рекордын бүгін Гейнрих Мхитарянның қайталауына тамаша мүмкіндіктер болған. Дегенмен армян футболшысының жолы болмай-ақ қойды. Бірде қақпашы Касильяс допты қайтарса, бірде қақпа бағаны қонақтарға көмектесті. Ал дубль орындаған Марко Ройс кездесудің қаһарманы десек болады. Өз мүмкіндігін толықтай пайдалана білді. Осылайша Роналдусыз «Реалдың» да ойынын көрдік. Азулы қарсыластарға өз алаңында есе жібере қоймайтын «Боруссия» мықтылығын мойындатты. Тек алғашқы ойын 3:0 болмағанда...

«Челси» (Англия) 2 – 0 «ПСЖ» (Франция)


Жозе бапкердің жолы болды. Немесе бапкерлік тәжірибесі мол екенін тағы бір танытты. Бүгін «ақсүйектер» жанкүйерлері үлкен жеңістің куәгері болды. Қорғанысты басты назарда ұстап ойнайтын клуб бүгін бірінші нөмірмен өнер көрсетті. Олай жасамаса, шегінерге жол жоқ болатын. Алғаш болып белсенген Андре Шюррле болды. 32 минутта Давид Луистың баспен қалдырған тамаша пасынан кейін есепте командасын алға шығарды.

Екінші тайм басында париждік команданы екі бірдей сәтте қақпа маңдайшасы құтқарды. Ал Эдинсон Каваниде командасын келесі кезеңге алып шығатын бір емес, екі бірдей мүмкіндігі болды. Дегенмен уругвайлық шабуылшы мүмкіндіктерін пайдасына жарата алмады. 66 минутта Лэмпардты ауыстырған Демба Ба кездесу аяқталуға бірнеше минут қалғанда «Стэмфорд Бриджде» шешуші голды соқты. Сонымен алғашқы кездесуде қонақта Эден Азардың пенальтиден соққан голының басымдығымен «Челси» жартылай финалға өтті. 

Бүгін жартылай финалға өтетін командалардың кезекті кездесулері өтеді. «Бавария» өз алаңында «Манчестер Юнайтедті» қабылдаса, каталондық «Барселона» мадридтік «Атлетикода» қонақта болады. Қос ойынның да алғашқы нәтижелері 1:1 болып аяқталған.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com