Голубев АТР рейтингінде жоғарылады

Голубев АТР рейтингінде жоғарылады

Кеше ғана «Дэвис кубогы» аясындағы Швейцария мен Қазақстан кездесуінде қарсыластарына айтарлықтай қарсылық танытып, тамаша қырымен танылған Андрей Голубев АТР жаңарған рейтингінде 5 саты жоғарылады.  

Осыған дейінгі рейтингте қазақстандық теннисші 64-ші орында болатын. Сәуір айының жаңарған рейтингі бойынша 59-шы орынға тұрақтады. Ал кеше шешуші кездесуде Роджер Федерер жерлесімізді жеңіп, жартылай финалға ұлттық құрамасын алып шыққан болатын. Кездесу аяқталғанннан кейін әлемнің үздік теннисшісі Андрей Голубевті әлемдегі үздік 25 теннисшінің қатарына қосуға болатынын жеткізген-ді.

Қазақстанның бірінші ракеткасы саналатын Михаил Кукушкин көрсеткішінде өзгеріс орын алмады. 56-шы орнын сақтап қалды. Ал Александр Недовесов 76-шы орыннан бір саты төмен сырғыпты.

Ал рейтингте испандық Рафаэль Надаль көш бастауда. Екінші орында серб Новак Джокович тұрса, үш пен төртінші орындар швейцариялық Станислав Вавринка мен Роджер Федерерге тиесілі болып отыр.

Әйелдер арасындағы WTA жаңарған рейтингінде қазақстандық теннисшілер Ярослава Шведова 2 орынға, Галина Восковоева  1 саты жоғарылаған. Алғашқысы 53-ші орынға тұрақтаса, соңғысы 63-ші орынды қанағат тұтуда. Ал өткен рейтингте алғашқы жүздікке енген Зарина Диас бұл жолы 2 орынға төмен сырғып, 93-ші орынға жайғасыпты.

WTA жаңа рейтингі қорытындысы бойынша алғашқы ондықта аса қатты өзгерістер орын алмаған. Тек ресейлік Мария Шарапова ғана серб Елена Янковичті бір саты ығыстырып, 8-ші орынға көтерілген. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбаев

Сурет: rsport.ru

Ө. Сансызбай