Голубев әлемнің үшінші ракеткасын жерге қаратты

Голубев әлемнің үшінші ракеткасын жерге қаратты

Жаңа ғана Швейцарияның Женева қаласында аяқталған Дэвис кубогының ширек финал ойындарының алғашқы матчында Қазақстан құрамасының теннисшісі, ATP рейтингісінде 64 орындағы Андрей Голубев азулы Швейцария командасының белді ойыншыларының бірі, әлемнің үшінші ракеткасы Станислав Вавринканы үш сетте тізе бүктірді.

Бірінші сет ешкім күтпеген Голубевтің жарқын ойынымен басталды. Дегенмен Вавринка да әжептәуір қарсылық көрсетіп, нәтижесінде қос теннисші алғашқы сет жеңімпазын анықтау үшін тай-брейкте күш сынасуға бел шеше кірісіп кетті. Алма-кезек соққылар алмасқан тартысты кезеңде Голубевтің жолы болып, нәтижесінде бірінші сетті өз пайдасына 7:5 есебімен жаза білді.

Тай-брейктегі жеңіс психологиялық басымдылықты қазақстандықтың жағына қарай ауыстырғандығы екінші сетте анық көрініп тұрды. Жүйкесі тозған Вавринка бас төрешімен сауғаласып жүргенде, Голубев өз жоспарын сауатты орындап, екінші сетте де жеңіске жетті. Есеп: 6:2.   

Матчтың үшінші бөлігінде ойынды шындап өз қолына алмаса, жағдайдың насырға шабатынына көзі жеткен швейцариялық теннисші сәтті шабуылдар жасап, Голубевті біраз әуреге салды. Қазақстандық та оған жарытып жауап қайтара алмай, нәтижесінде үшінші аралық сет Вавринканың пайдасына жазылды.

Швейцариялыққа жалпы есептегі таразы басын теңестіру үшін төртінші сетте де жеңіске жету керек еді. Голубев те осы кезеңде қарсыласына есе жіберсе, бесінші сетте жеңіске жетудің мүмкіндігі Вавринка жағында болатынын анық сезді. Тек қана өз соққыларын сәтті жүзеге асыра білген қос теннисші есепті 6:6 жеткізіп, сет не матч тағдырын тай-брейкке қалдырды. Басында бірнеше қателікке бой алдырған Голубев тез есін жиып, өз соққыларын тамаша орындап қана қоймай, қарсыласының жіберген қателіктерін де ұтымды пайдаланып, бесінші сетті 7:5 есебімен аяқтап, матчтағы жеңіс тойын тойлады. Қорытынды есеп 7:5, 6:2, 6:3, 7:5. Голубевтің жеңісінің арқасында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы ұпай түсті. Ендігі ойын да бүгін өтпек. Кордта еліміздің бірінші нөмірлі ракеткасы Михаил Кукушкин мен швейцариялық аңыз теннисші Роджер Федедер кездеседі. Кездесудің қалай аяқталғанын алдағы уақытта хабарлайтын боламыз.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: gotennis.ru

Б. Қосмағамбет