Еуропа лигасы. Кездесулерге шолу

Еуропа лигасы. Кездесулерге шолу

Бүгін футболдан Еуропа лигасының 1/4 финалындағы алғашқы кездесулер өтеді. Назарларыңызға ойындар алдындағы шолуымызды ұсынамыз.

«АЗ Алкмаар» (Нидерланды) – «Бенфика» (Португалия)


Қарағандылық «Шахтермен» бір топта бақ сынаған нидерландылық ұжым ширек финалға дейін жетті. Енді ары асуы екіталай. Өткен маусымдағы бұл доданың финалисі жартылай финалға жібермесі анық. Дегенмен бүгін алаң иелері үшін маңызды ойын. Сырт алаңда португалдық клубты жеңуі белгісіз болғанмен, бүгін жеңілмеуге тырысары сөзсіз. Жақында ғана «АЗ Алкмаар» бапкері Дик Адвокат осы маусымнан кейін клубтан кететінін мәлімдеген еді. Әзірге бұл додада нидерландылық ұжым әлі жеңілмепті. Ойын Астана уақытымен сағат 01:05-те басталады.

«Лион» (Франция) – «Ювентус» (Италия)


Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінен шыға алмай қалған туриндік «Ювентус» Еуропа лигасын жеңіп алуға барынша үміткер ұжымның бірі. Француздық «Лионмен» өтетін кездесудің фавориті де саналуда. Өткен турда «Наполиден» жеңілген Антонио Конте командасы бүгін француздық ұжымнан есесін қайтаруы бек мүмкін. Алайда букмекерлік орталықтар бүгінгі ойында 1:1 есебі тіркеледі деп болжауда. Сонымен қатар,  «Лион»  көп гол соға бермейтін команда екенін де ескерген жөн.

Базель» (Швейцария) – «Валенсия» (Испания)


Футболсүйер қауым «Базельді» «Зальцбургтен» өте алмайды деп ойлаған да еді. Дегенмен тәжірибелі футболшылары бар клуб ширек финалға жетті. Ендігі қарсылас – «Валенсия». Келесі кезеңге қай команда өтетінін дөп басып айту қиын болса да, «Месталья» стадионында тағдыры шешілетін ойынның фавориті – испаниялық ұжым. Бүгін «Базель» жеңілмеуі мүмкін. Бірақ, ойын тағдырын түбегейлі шешетін кездесу болып тіркелмесі белгілі.

«Порту» (Португалия) – «Севилья» (Испания)


«Порту»  Чемпиондар Лигасында бақ сынап жүрген ұжымдардың қатарынан. Дегенмен бұл маусымда топтық кезеңде жолы болмай, Еуропа Лигасына жолдама алды. Бұл додадағы туриндік «Ювентуспен» бір қатарда фавориттер қатарынан табылуда. Дегенмен «Севилья» да оңай шағылар жаңғақ емес. Испандықтар шешуші кездесуді өз алаңында өткізетіндіктен, келесі кезеңге өту мүмкіндігі молдау. Ал бүгінгі тартысты ойынды Астана уақытымен сағат 01:05-те «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com, sports.ru 

Ө. Сансызбай