«Ордабасыға» бас бапкер тағайындалды

«Ордабасыға» бас бапкер тағайындалды

Футболдан жаңа маусымдағы премьер-лига ойындарының басталуына 3 күндей уақыт қалғанда шымкенттік «Ордабасы» бас бапкерсіз қалған болатын. Осыған дейін бұл қызметті атқарып келген Қуаныш Қарақұловтың орнына литвалық маман Саулюс Ширмялис тағайындалды.

Саулюс есімі қазақ футболының жанкүйерлеріне таныс емес деп айта алмаймыз. Ол осыған дейін Қазақстан жастар құрамасын жаттықтырып жүрген еді. Әзірге бұл қызметтен кеткені туралы нақты ақпараттар жоқ. Бәлкім, екі тізгінді қатар алып жүруі де ғажап емес. Дегенмен бапкерге ауыр соғары анық. Ал қазақстандық БАҚ бұл орынға «Ордабасының» экс-бапкері Виктор Пасулько келуі мүмкін деп болжауда.

Литвалық маманның көмекшісі болып Йозеф Шкрлик бекітілді. Ол осыған дейін Саулюс Ширмялиспен оралдық команда мен жастар құрамасы қызметінде де қатар жүрген.

Естеріңізге сала кетсек, Саулюс Ширмялис спорттық мансабында «Каунас» командасымен Литваның 3 дүркін чемпиондығы атағына қол жеткізсе, 2011-2012 жылдардағы маусымда «Ақжайық» командасын баптаған. Сонымен қатар, Қазақстан жастар құрамасымен де жарқын жеңістерге жетті. Соңғы рет жерлестерімізбен «Астана-Аренада» Исландия жастарын жеңді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: ffk.kz

Ө. Сансызбай