Чемпиондар лигасы. Фавориттер жеңе алмады

О Сансызбай Корреспондент
Чемпиондар лигасы. Фавориттер жеңе алмады

Чемпиондар лигасының ширек финалындағы алғашқы кездесулер де мәресіне жетті. Кездесулерде фаворит саналған ұжымдар жеңіске жете қоймады.

БӨЛІСУ

«Манчестер Юнайтед» 1 – 1 «Бавария»


Алаң иелерінің белсенділігі алғашқы минуттардан байқала қойған жоқ. Тіпті доп ұстау басымдығына да ұмтылмады. Тек алға асырылған пастар мен стандартты жағдайларға үміт артумен кездесуді аяқтады. Алғаш болып Арьен Роббен «қызыл сойқандар» қақпасына соққы бағыттап көрген. Дегенмен ол сәтте Де Хеа өз орнынан табыла білді. 40 минутта Рунидің асырған пасын өз ырқына тамаша көндіре білген Дэнни Уэлбек есеп ашуға зор мүмкіндік алған-ды. Алайда Нойер бойынан асыра тастаймын деген ойы нәтиже бермеді. Екінші таймның басында клубтар ойын көркін қыздыра түсті. 58 минутта Рунидің бұрыштамадан асырған пасын алаң иелері капитаны Неманья Видич қонақтар қақпасына тоғытты. Толассыз шабуылын толастатпаған «Бавария» таразы басын теңестіруге 10 минуттан кейін ғана мүмкіндік алды. Алаңға жаңадан кірген Марио Манджукич әріптесі Бастиан Швайнштайгердің гол соғуына мүмкіндік сыйлады. Неміс футболшысы есепті теңестіріп кетті. Гол авторы ойынның соңғы минутында Руниге қарсы ойын ережесін бұзып, алаңнан қуылды. Енді келесі кездесуге командаласы Хавьер Мартинес екеуі қатыспайтын болады. Расында да көптеген футбол жанкүйерлері бұл кездесуде мюнхендік ұжым жеңіске сөзсіз жетеді деп ойлаған еді. Десе де манкуниандық ұжым мінез танытты. «Альянс-Аренада» ағылшындық клубтарға жолы бола бермейтін «Бавария» енді жауапты кездесуді күтетін болады.

«Барселона» 1 – 1 «Атлетико»

Каталондық команда Ла-Лиганың өткен турында Виктор Вальдестен айырылса, бұл жолы қорғаушы Жерар Пике қатардан шығып қалды. Бұл ойыншы да «Барселонаға» бұл маусымда көмектесе алмауы мүмкін. Ыңғайсыз жығылған футболшының жарақаты туралы ақпарат алдағы уақытта белгілі болмақ. Еуродада 500-ші кездесуін өткізген «блауграна» Ла-Лигадағы да басты қарсыласы «Атлетиконы» жеңе алмады. Қақпашы Вальдестің жоқтығы да сезілген сәттер байқалды. Қақпашы Пинто бірнеше рет өрескел қателікке бой алдырды. Дегенмен қонақтар «кешіре» білді. Сонымен қатар қарсыластар шабуылшысы Диего Коста да жарақат алып, ойынды соңына дейін аяқтай алмады.  Сонымен кездесудегі есеп 56 минутта ашылды. Диего Костаның орнынан кірген Диегоның алыстан қия теуіп бағыттаған соққысы алаң иелерінің қақпасы төрінен табылды. Бәлкім, бұл маусымдағы Пушкаш сыйлығына үміткер голдың бірі десек те болатын шығар. Ал таразы басы 71 минутта қайта теңесті. Иньестаның тамаша асырған пасынан кейін Неймар допты қақпа торынан бір-ақ шығарды. Сонымен қос ұжымның соңғы төртінші кездесулерінде тең есеп тіркелді. 

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com