Вавринка Қазақстанмен болатын матчқа байланысты пікір білдірді

Вавринка Қазақстанмен болатын матчқа байланысты пікір білдірді

Теннистен Швейцария құрама командасының алдыңғы қатарлы ойыншысы Станислав Вавринка матч алдындағы Женевада өткен баспасөз маслихатында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, өз командасының фаворит екендігіне қарамастан Дэвис Кубогы аясындағы Қазақстан құрамасына қарсы ойынға тыңғылықты дайындалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. 

- Станислав, соңғы кезде бірден жоғарылаған рейтингіңізге байланысты өзіңізді қалай сезінесіз? Алдағы матч жөнінде қандай пікірдесіз?

- Өзімді тамаша сезінудемін. Бұл менің еліме қайтып оралғанымнан бергі жарыстың алғашқы ширек финалы. «Үлкен дулыға» турнирінде жеңіске жеткеннен кейін, әлемдік рейтингте үшінші орынға жайғастым. Енді өз елімде, 16 мың жанкүйердің алдында өнер көрсетіп, оларды қуантуға барымды салмақпын.  

- Бұл Швейцария елі үшін Дэвис Кубогында жеңіске жетуге берілген соңғы жылдардағы ең үлкен мүмкіндік. Қарсыласты осал деп айтуға келмес, бірақ оларды жеңетіңізге қаншалықты сенімдісіз?

- Шындығында, біздің жеңіске жететін мүмкіндігіміз жоғары. Алайда олай деп ойлап қол қусырып қалмақ емеспіз. Бұл жолғы командамыз мүлдем басқа. Құрамада Роджер де, мен де және басқа да шебер теннисшілер жеңіске жету үшін аянып қалмайды. Әзірге финалдық матчты ойлауға ертерек шығар. Қазақстан – өте мықты команда. Алдымын осы құраманы ұтып алайық.   

- Қалай ойлайсыз, қарсыластарыңыз сізге «Үлкен дулығадағы» жеңісіңізден кейін басқаша қарай бастаған сияқты ма?

- Әрине, әлемдік рейтингтің үшінші сатысында тұрған кезде сіз кез-келген турнирдің фавориті саналатыныңыз түсінікті. Алайда мен оған соншалықты мән бермеймін. Менің әр ойынға құрған жоспарым тек жеңіске жету үшін жасалады.

- Осыдан төрт жыл бұрын Астана қаласында Қазақстанға қарсы ойнап үлгердіңіз. Сол кездегі нәтиже әлі күнге дейін көпшілік есінде. Алдағы ойынның сіз үшін қандай маңызы бар? Қарымта қайтару матчы десек бола ма?

- Біздің бар ойымыз тек алда өтетін ойында. Ол кезде біздің ұжым мүлдем басқа болатын. Иә, Қазақстанға 0:5 есебімен ұтылғанымызды ұмытқан жоқпыз. Ал ендігі ойында жеңіс үшін күшімізді аяп қалмаймыз. 

- Сіз Михаил Кукушкинмен де, Андрей Голубевпен де ойнадыңыз. Осы ойыншылар туралы не айтасыз?

- Қазақстанда өте мықты ойыншылар бас қосқан. Құраманың шеберлік деңгейі өте жоғары. Олардың әрқайсысының біздің кез-келген теннисшіні жеңе алатындай қауқары бар. Әсіресе биылғы маусымда Кукушкиннің қарқыны күшті. Сондықтан бізге тым жеңіл болады деп айта алмаймын.

Естеріңізге салсақ, Швейцария командасы Дэвис Кубогы ширек финалдық ойындары аясында 4, 5 және 6 сәуір күндері Қазақстан ұлттық құрамасын қабылдайды.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: Юлия Милова© 

Б. Қосмағамбет