Чавес Генаны ойсырата жеңуге уәде берді

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Чавес Генаны ойсырата жеңуге уәде берді

Орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлемнің бұрынғы чемпионы, мексикалық боксшы кіші Хулио Сесар Чавес осы салмақтағы WBA және IBO чемпиондық белбеулерінің иесі, қазақстандық Геннадий (GGG) Головкиннен басым түсетініне сенімді, деп хабарлайды Fightnews.ru.

БӨЛІСУ

«Головкин соңғы екі жылда үлкен жетістіктерге жетті. Оның еншісінде тамаша орындалған нокауттар бар, ол жоғары деңгейдегі боксшы. Мен үшін бұл кездесудің маңызы өте жоғары. Ол мені барынша шабыттандырады. Бастысы – Головкинді тас-талқан ететініме сенімім мол»,-деп мәлімдеді Чавес.

Айта кету керек, 31 жасар Геннадий Головкин мен 28 жастағы кіші Хулио Сесар Чавес арасындағы кездесу 12 шілде күні өтеді деп жоспарланған еді. Алайда командалар оны футболдан Бразилияда өтетін әлем чемпионатына байланысты 19 шілдеге ауыстырды.   

Қос мықтының арасындағы кездесу АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы «Форум» атты жабық кешенде өтеді деп жоспарланған. Жекпе-жек Чавестің командасының ұсынысымен суперорта салмақта (168 фунт немесе 76,2 келі) өтпек. Яғни бұл бокс кешінде Генаның чемпиондық белбеулері сарапқа салынбайды. Десек те, қос тараптың промоутерлері кездесуді АҚШ көрермендері үшін HBO телеарнасының ақылы форматында (PPV) ұсынбақ ниетте. Демек, бұл боксшылардың кездесу үшін алатын сыйақысының мөлшері әлдеқайда көбірек болады деген сөз.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: businessinsider.com