Зарина жаңа жетістікті бағындырды

Зарина жаңа жетістікті бағындырды

Қазақстандық теннисші Зарина Диас спорттық мансабында алғаш рет әлемнің 100 үздік теннисшісі қатарына енді. WTA жаңарған рейтингі бойынша, жерлесіміз 14 сатыға жоғарылаған.

Жақында Майамиде өткен турнирде Зарина екінші айналымға дейін сүрінбей жеткен болатын. Екінші айналымда рейтингте 17-ші орында тұрған Слоан Стивенске жеңілген еді. Десе де 20 жастағы жерлесіміз өз өнерін толықтай көрсете алған. Алдағы уақытта әлемнің үздік теннисшілерімен терезесі тең ойындар өткізуге шамасы жететінін аңғартқан-ды. Тағы бір айта кететіні, қазақстандық теннисші WTA жаңа чемпиондық рейтингінде 41-ші орынға көтеріліпті. Өткен рейтингте 45-ші орында болатын.

Қазақстанның үздік теннисшісі саналатын Ярослава Шведова жаңа рейтингте 3 сатыға жоғарылаған. Нәтижесінде 55-ші орынға тұрақтаса, Галина Воскобоева 1 саты төмендеп 64-ші орынға жайғасыпты.

Ерлер арасында Андрей Голубев 6 сатыға жоғарылап, 64-ші орынға табан тіресе, Александр Недовесов 2 орын алға жылжып, 76-шы орынға тұрақтаған. Ал Михаил Кукушкин 827 ұпаймен 56-шы орнын сақтап қалыпты.

Әйелдер арасында рейтингті Серена Уильямс, Ли На және Агнешка Радванска бастап келе жатса, ерлер арасында үздік үштік Рафаэль Надаль, Новак Джокович және Станислав Вавринкаға тиесілі болып отыр.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz

Ө. Сансызбай