Қарымта кездесудегі жұптар анықталды

Қарымта кездесудегі жұптар анықталды

Ертең дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) ширек финалы аясында «Astana Arlans» немістің «German Eagles» командасымен кездеседі. Осыдан бірнеше күн бұрын жерлестеріміз Германияға аттанып кеткен болатын.

Топтық кезеңді екінші орынмен қорытындылаған «Арландар» плей-оффтағы алғашқы кездесуді жеңіспен бастауды жоспарлауда. Сергей Корчинскиий жаттықтыратын клубтың ертеңге кездесуге сақадай-сай екені жайлы хабарлаған болатынбыз. Ал команданың бас директоры Болат Манкенов неміс ұжымының осыған дейін жүріп өткен жолын саралай келіп, қарсыластардың да осал емес екенін жеткізді. Сонымен ертең шаршы алаңға шығатын жерлестерімізге сәттілік тілей отырып, қарымта кездесуде шаршы алаңда бақ сынайтын былғары қолғап шеберлердің жұбын таныстырамыз.

«Арландар» намысын қарымта кездесуде 52 келі салмақ дәрежесінде Мирас Жақыпов қорғайды. Оның қарсыласы – Роони Беблик. 60 келі салмақта команда капитаны Самат Бәшенов Артур Брилмен жұдырық түйістіреді. 69 келіде Мейірім Нұрсұлтанов Вьячеслав Кербермен сынға түссе, 81 келіде Данабек Сужанов Сержа Мишельге қарсы айқас өткізеді. Ал кездесудің бесінші жұбы болып аса ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев пен Эрик Пфайфер саналуда. Егер қос кездесудің жекпе-жектері бойынша есеп тең болып жатса, 11-ші жұп шаршы алаңға көтерілетін болады. Жеребе бойынша бұл сынға 52 келідегі Ілияс Сүлейменов пен Стивен Малейк түсіп отыр.

Естеріңізге сала кетсек, қарымта кездесу 5 сәуір күні Алматыдағы «Балуан Шолақ» спорт кешенінде өтеді. Осыған дейін Астана қаласында өтуі мүмкін деп күтілген еді. Дегенмен спорт нысандарының бос болмауына байланысты Алатау бөктерінде өтетін болып шешілді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай