Манчестерлік дербиде кім жеңеді?

О Сансызбай Корреспондент
Манчестерлік дербиде кім жеңеді?

Футболсүйер қауым бүгін тағы бір тартысты кездесудің куәгері болмақ. Ол – манчестерлік дерби. Назарларыңызға кездесу алдындағы болжамдарды ұсынамыз.

БӨЛІСУ


Манчестер қаласының футбол жанкүйерлері 133 жылдан бері «көк» және «қызыл» болып екіге бөлініп келеді. Екі ұжым өз тарихтарында бүгін 150-ші кездесуін өткізгелі отыр. Осыған дейінгі 149 ойынның 59-ы «қызыл сойқандар» жеңісімен аяқталса, 41 кездесуде «ситиліктер» жеңіске жеткен екен. Ал 49 кездесуде тең нәтиже тіркеліпті. Соңғы бес ойынның төртеуінде «Манчестер Сити» жеңіске жетіпті.

Бұл маусымда екі клуб та жаңа бапкер жаттықтырумен премьер-лиганы бастады. «Манчестер Юнайтед» маусымды сәтсіз бастаса, Мануэль Пеллегрини командасының чемпиондыққа таласуға зор мүмкіндігі бар. Жалпы 2010/2011 жылғы маусымнан бері қос манчестерлік ұжым алғашқы үштіктен шығып көрмеген болатын. Алайда биыл Дэвид Мойес командасының бұл межені бағындыруға шамалары жетпейтін секілді.

Наурыз айы «Манчестер Сити» үшін сәтті бола қойған жоқ. Ағылшын Кубогы сайысында «Уиганга» есе жіберсе, Чемпиондар Лигасының 1/8 финалында каталондық «Барселонадан» айласын асыра алмады. Ал одан кейінгі екі кездесуде жеңіске жетті.

«Қызыл сойқандардың» соңғы мүмкіндігі – Чемпиондар Лигасы. Дегенмен ширек финалдан өту клубқа ауыр болмақ. Олардың қарсыласы өткен маусымдағы осы бәсекенің жеңімпазы – мюнхендік «Бавария». Соңғы екі кездесуінде жеңіске жеткен «Манчестер Юнайтед» жанкүйерлерін бір қуантып тастағаны анық. Ал бүгін тағы бір қуантады деп айту қиын.

«Олимпиакоспен» өткен қарымта кездесуде жарақат алған Робин ван Перси еліне қайтып кетті. Ендігіде клубына көмектесе алмайды. Бразилиядағы Әлем чемпионатына дейін денсаулығын күтпекші. Сонымен қатар, бұл футболшыға «Милан» командасы да қызығушылық танытуда. Бүгін алаң иелері қатарынан нидерландылық футболшыдан өзге Хавьер Эрнандес пен Крис Смоллинг шықпаса, қонақтар қатарынан жарақаттарына байланысты Серхио Агуэро мен Настасич ойнамайды.

Кездесудің фавориті «Манчестер Сити» саналуда. Ойында кем дегенде 3 гол соғылуы мүмкін деген болжамдар айтылуда. Букмекерлік орталықтар қонақтар жеңісіне 2,10 коэфициент ұсынса, алаң иелері жеңісіне 3,40 коэфициент беруде. Ал тең ойынға 3,50 коэфициент көрсетілуде. Нақты нәтиже бойынша 1-3 немесе 1-4 есебі тіркелуі мүмкін деп болжануда.

Манчестерлік дербилердің кездесуі Астана уақытымен түнгі 01:45-те басталады. Сонымен қатар, төмендегі екі кездесу өтеді.

«Арсенал» - «Суонси»

«Ньюкасл» - «Эвертон»

Бүгін бундеслигада мюнхендік «Бавария» Берлинде «Гертамен» кездесу өткізеді. Егер жеңіске жетіп жатса, чемпиондық атақты мезгілінен бұрын тойлағалы отыр. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com, sports.ru