Головкин vs Чавес. Қос тараптың пікірі

Головкин vs Чавес. Қос тараптың пікірі

Орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий (GGG) Головкин мен мексикалық танымал боксшы Хулио Сесар Чавес кіші 12 шілде күні Лос-Анджелесте шаршы алаңда кездесуі мүмкін. 

Бұл жөнінде екінші орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлемнің экс-чемпионы Чавеске аталған жекпе-жекті 12 шілдеде өткізу жөнінде ұсыныс тастаған промоутер Боб Арум хабарлады. 

«Мен Чавес кішімен жақында сөйлесіп, оған Головкинмен жұдырықтасуға ұсыныс тастадым. Бұл кездесу орын алып жатса, оны 12 шілдеде Лос-Анджелесте өткізуді жоспарлап отырмыз»,-деп жазады Арумның сөзіне сілтеме жасаған BoxingScene.

1

Боб Арум

Басылым хабарлағандай, Чавес кіші суперорта салмақта бокстасатын болғандықтан, ұйымдастырушылар Головкинге 168 фунттық салмақ дәрежесіне көтерілуді ұсынбақ. Егер бұл болжам расталса, Головкиннің чемпиондық қос белбеуі (WBA және IBO) бұл айқасқа тігілмейді.

Генаның жеке бапкері Абель Санчестің сөзінше, екі тарап арасындағы келіссөздер жалғасуда. Оның сөзінше, жақын арада команда ортақ келісімге келуі әбден мүмкін: «Чавеске қарсы кездесу – менің басты арманым. Екі боксшы да оны жанкүйерлер алдында ұмытылмастай етіп жасауға барын салады деп үміттенемін»,-деп жазады Санчес сөзіне сілтеме жасаған TheSweetScience.com.

1

Абель Санчес

«Сөзсіз, Чавес кіші әкесі сияқты сауатты қорғану мен шабуылдаудың қас шебері. Сондықтан Головкинге қатарынан 17-ші жеңісіне жету оңай соғады деп айта алмаймын. Бұйырса, біз ұлы шайқастың куәсі болмақпыз»,-дейді Санчес.

Аталған жыл күткен кездесуге орай Чавес те өз пікірін білдіре кетті: «Осыған дейін менің агентім мен жеке заңгерім Top Rank-пен (Чавестің мүддесін қорғаушы промоутерлік компания) байланысқа шығып үлгерді. Олардың айтуынша, менімен кездесуге үміткер негізгі үш қарсылас бар. Олар жартылай ауыр салмақтағы Жан Паскаль, екінші орта (супер) салмақтағы Андре Уорд және тағы да екінші орта салмақтағы Геннадий Головкин. Паскальға келер болсам, менің жартылай ауыр салмақта жұдырық түйістіруім екіталай. Себебі мен екінші орта салмақтың боксшысымын. Ал Уордтың қателеспесем, қазір промоутерімен қатынасы мәз емес. Сондықтан мен үшін ең дұрысы, лайықтысы (көпшілікке де солай болады деп үміттенемін) Геннадий Головкин болып отыр. Сарапшылар да оны «барлық салмақтағы әлемнің үздік боксшыларының» (P4P) қатарында дегенді айтады. Мен де тек үздіктердің үздігімен ғана кездескім келеді. Оның бір дәлелі ретінде Серхио Мартинеспен өткен кездесуімді айтсам болады.

1

Хулио Сесар Чавес кіші

Алайда мен бұл жекпе-жектің болу болмауын кемінде үш ай бұрын білуге тиіспін. Егер келісім-шарт осы уақытқа дейін жасалып бітпесе, кездесу болмайды. Себебі мен ұлы шайқасқа дайындалу үшін физикалық және психологиялық жағынан да толық дайын болуым керек. Ал оған аз уақыт кетпейтіні анық»,-дейді Чавес кіші.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін де Головкин мен Чавес кездесуі 12 шілдеде өтуі мүмкін деп хабарланған еді. Арумның сөзінше, жазға жоспарланған кездесу HBO телеарнасының PPV форматында (АҚШ көрермендері үшін ақылы көрсетілім, яғни әр абонент бокс кеші үшін жарна төлеуі тиіс) ұсынылуы мүмкін.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: allboxing.ru

Б. Қосмағамбет