Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Спорт / Жаңалықтар / "Кәрі құрлық" додаларындағы жеребе тартылды

"Кәрі құрлық" додаларындағы жеребе тартылды

Кеше Швейцарияның Ньон қаласында футболдан «кәрі құрлықтың» басты додалары саналатын Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының жеребе тастау рәсімі өтті. Назарларыңызға жеребе қорытындысын ұсынамыз.


Чемпиондар Лигасының ширек финалына шыққан сегіз ұжым да «сен тоқта, мен атайыннан». Десе де дортмундтық «Боруссия» мен «қызыл сойқандар» аутсайдерлер саналуда. Ал лондондық «Челсидің» бас бапкері Жозе Моуриньо өзінің твиттердегі жеке парақшасында өз командасы мен тағы бір ағылшындық клуб «Манчестер Юнайтедті» әлсіз деп бағалады. Cонымен жеребе жолдас еткен клубтардың осыған дейінгі ойындарына көз жүгіртіп көрейік.

«Барселона» (Испания) – «Атлетико» (Испания)


Бұл жұптың аз да болса фавориті – каталондық «Барселона». Десе де мадридтік ұжым да оңай шағылар жаңғақ емес. Өз кезегінде есе жіберуі екіталай. Осы маусымда клубтардың 3 рет жолы түйісті. Оның алғашқылары - Испания Суперкубогы ойындары. Мадридте ойын 1:1 есебімен аяқталып, «Камп Ноуда» 0:0 нәтижесі тіркелген болатын. Қорытындысында түзде соғылған голдың арқасында «блауграна» Суперкубокты иеленген-ді. Ал Ла-Лигада осы жылдың қаңтар айында қайта жолықты. «Атлетико» алаңында өткен кездесуде есеп ашылмады. Осылайша соңғы 3 ойында да тең ойнаған ұжымдарды тағы 3 кездесу күтіп тұр. Нағыз тартыс десек болады. Соңғы ойын Мадридте өтетін болғандықтан, «Барселонаға» алғашқы ойында үлкен нәтижеге қол жеткізу маңызды. Өйткені, Диего Симеонэ командасы өз алаңында жеңісті қолдан бермейтін ұжымдардың қатарынан. Осылайша, ширек финалда жұп құраған испаниялық клубтардың алғашқы кездесулері 1 сәуір күні, қарымта кездесулері бір аптадан соң Мадридте өтеді.

«Реал» (Испания) – «Боруссия Д» (Германия)


Мадридтік клуб пен дортмундтық ұжымның Чемпиондар Лигасында екінші жыл қатарынан жолдары түйісіп отыр. 2012/2013 жылғы маусымда бір топта бақ сынаған болса, жартылай финалда «Боруссия д» «корольдік клубты» финалға жібермеген еді. Өз алаңында 4:1 есебімен жеңген болатын. Левандовскийдің покер жасаған кездесуін жанкүйер қауым әлі ұмыта қойған да жоқ шығар. Ал «Реал» өз алаңында 2:0 есебімен жеңуге ғана шамалары жеткен-ді. Дегенмен бұл маусымда Юрген Клопп командасының ойыны ала-құла жүруде. Бірде жеңсе, бірде жеңіліп келеді. Дәл өткен маусымдағыдай бабында деп айту қиын. Ал есесіне Карло Анчелотти командасына есе қайтарудың тамаша мүмкіндігі келіп тұрғандай. Десе де неміс ұжымы былтыр да бұл кездесудегі аутсайдер саналған-ды. Алғашқы кездесу 2 сәуір күні өтсе, шешуші ойын 9 сәуірде Германияда өтеді.

«ПСЖ» (Франция) – «Челси» (Англия)


Екі клуб 2004 жылы Чемпиондар Лигасының бір тобында өнер көрсеткен. Париждік команда өз алаңында 0:3 есебімен ойсырай ұтылса, «Стэмфорд Бридждегі» ойында есеп ашылмаған. Ал соңғы кездесулері де 1:1 есебімен тең аяқталыпты. 2012 жылы халықаралық Чемпиондар Кубогында ойнаған ұжымдар қатарынан Нене мен Пязон көзге түскен екен. Десе де бұрынғы «ПСЖ» құрамымен қазіргі «ПСЖ» құрамын салыстыруға келмейді. Әсіресе, Лоран Блан командасы осы маусымда бабында екенін байқатып келеді. Сонымен қатар, клуб басшылығы команда Чемпиондар Лигасын жеңетін болса, әр футболшыға 1 миллион еуро ұсынуға даяр екенін де мәлімдеді. Ал «Челси» ше? Жозенің жаңа жүйедегі ойыны орын алмаса, француздық клубты айналып өту қиын секілді. Десе де шешуші кездесу Лондонда өтетіндіктен «ақсүйектердің» ойынға психологиялық тұрғыдан дайындығы мығым болары анық. Алғашқы кездесу 2 сәуір күні өтсе, қарымта кездесу 8 сәуір күні өтеді. Төрешілер қателікке бой алдырып, ойын шырқын бұзбаса, нағыз тартысты кездесу болғалы тұр.

«Манчестер Юнайтед» (Англия) – «Бавария» (Германия)


Тарихқа көз жүгіртер болсақ, екі клуб арасында талай тартысты кездесулер өткен. 1998 жылы бір топта бақ сынап, екі кездесу де тең аяқталған. Ал 1999 жылғы финалды футболсүйер қауым жақсы білетін де шығар. Соңғы минутқа дейін жеңіп келе жатқан мюнхендік клуб ойын аяқталуға небәрі санаулы минуттар қалғанда өз қақпаларына екі доп жіберіп алып, жеңіліп қалған болатын. Одан кейін өткен 5 кездесудің екеуінде «Бавария» жеңсе, 3 ойын тең аяқталған. Ал дәл осындай ширек финалдағы қос клубтың жолы 2010 жылы түйіскен. Неміс командасы өз алаңында 2:1 есебімен жеңіске жетіп, сырт алаңда 2:3 нәтижесімен ұтылып қалған. Дегенмен түзде соғылған голдардың арқасында келесі кезеңге өткен болатын. Сол жылы ақтық сынға дейін жеткен «Баварияны» миландық «Интер» жеңіп кеткен еді. Десе де соңғы жылдардағы «Бавария» ойыны бағасын футболсүйер қауым жақсы біледі. Әлемдегі азулы клубтардың біріне айналды. Пеп Гвардиола команданы жаңа бір деңгейге көтеріп келеді. Өткен жылы футболшы арманыныдағы барлық белестерді бағындырды. Сондықтан да бұл кездесудің сөзсіз фавориті саналуда. Ал бұл маусымда Дэвид Мойес тізгінін ұстаған манкуниандық клубтың көрсеткіші нашар. Ең соңғы жүлде жолындағы үміті де осы  - Чемпиондар Лигасы. Гректің «Олимпиакосын» оңай айналып өте алмады. «Баварияның» өз алаңында ағылшындық клубтарға сәтсіз ойнайтыны қайталанып, ғайыптан тайып «қызыл сойқандар» жеңіске жетіп жатпаса, команданы келесі кезеңге өтеді деп айту қиындау. Алғашқы кездесу 1 сәуір күні, қарымта кездесу 9 сәуір күні өтеді.

Сонымен ширек финал жеребесі қорытындысы бойынша букмекерлік ұжымдар да өз болжамдарын ұсына бастады. Келесі кезеңге өту мүмкіндігі бойынша «Бавария» фаворит саналуда. Оларға ұсынылған коэфициенттер: «Бавария» — 2,75; «Барселона» — 4,50; «Реал» — 5,00; «ПСЖ» — 11,00; «Атлетико» — 13,00; «Челси» — 13,00; «Боруссия Д» — 17,00; «Манчестер Юнайтед» – 17,00.

Ал енді Еуропа Лигасы жайлы:

«АЗ Алкмаар» (Нидерланды) – «Бенфика» (Португалия)


Қарағандылық «Шахтермен» бір топта бақ сынаған нидерландылық ұжым ширек финалға дейін жетті. Енді ары асуы екіталай. Өткен маусымдағы бұл доданың финалисті жартылай финалға жібермесі анық. Осыған дейін ресми түрде жолықпаған ұжымдардың шешуші кездесуі осы маусымдағы Чемпиондар Лигасының финалын қабылдайтын «Эштадиу да Луш» стадионында өтеді.

«Лион» (Франция) – «Ювентус» (Италия)


Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінен шыға алмай қалған туриндік «Ювентус» Еуропа Лигасын жеңіп алуға барынша үміткер ұжымның бірі. Француздық «Лионмен» өтетін кездесудің фавориті де саналуда. Алғашқы кездесу 3 сәуір күні өтсе, қарымта кездесу 10 сәуір күні өтеді.

«Базель» (Швейцария) – «Валенсия» (Испания)


Футболсүйер қауым «Базельді» «Зальцбургтен» өте алмайды деп ойлаған да еді. Дегенмен тәжірибелі футболшылары бар клуб ширек финалға жетті. Енді испаниялық «Валенсияны» жарыс жолынан шығару оңай емесі анық. Сондықтан да бұл жұптың фавориті шешуші кездесу өтетін «Месталья» стадионының қожайындары саналуда. 2002 жылы Чемпиондар Лигасының бір тобында бақ сынаған командалардың алғашқы ойынын Испанияда алаң иелерінің 6:2 есебімен жеңіске жетуімен аяқталса, екінші кездесуде 2:2 нәтижесі тіркелген.

«Порту» (Португалия) – «Севилья» (Испания)


«Порту» да Чемпиондар Лигасында бақ сынап жүрген ұжымдардың қатарынан. Дегенмен бұл маусымда топтық кезеңде жолы болмай, Еуропа Лигасына жолдама алды. Енді туриндік «Ювентуспен» бір қатарда фавориттер қатарынан табылуда. Дегенмен испаниялық клуб та оңай шағылар жаңғақ емес. Екі клуб арасындағы жартылай финал жолдамасы тартысты өтері анық.

Cонымен Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының ширек финалында ойнайтын жұптар да белгілі болды. Осы ойындар төңірегіндегі өзекті ақпараттарды алдағы уақытта хабарлап отыратын боламыз.

 Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com, sports.ru, footballtop.ru

14
Рейтинг: +4

Қосылған күні: 21 наурыз 2014, 17:15

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.