Чемпиондар Лигасы. Мойестың соңғы үміті ақталды

Чемпиондар Лигасы. Мойестың соңғы үміті ақталды

Чемпиондар Лигасының ширек финалына шыққан барлық командалар анықталды. «Манчестер Юнайтед» өз алаңында «Олимпиакосты» тізе бүктірсе, «Зенит» түзде жеңіске жеткенімен келесі кезеңге өте алмады.

«Боруссия д» (Германия) 1 – 2 «Зенит» (Ресей)


Ресейлік команда өз алаңында бүгінгідей ойнағанда бәлкім ширек финалға шығуы мүмкін бе еді. Дортмундта өткен кездесуде «Зенит» 1:2 есебімен Юрген Клопп командасын жеңіп қайтты. 16 минутта Халк есеп ашса, 38 минутта Себастьян Кель таразы басын теңестірді. 73 минутта Рондон екінші голды соғып, командасына жеңіс сыйлады. Алайда қос кездесу қорытындысы бойынша «Боруссия д» 5:4 есебімен келесі кезеңге өтті. Клубтың бас бапкері қызметін атқарып барған Сергей Семак өзінің алғашқы кездесуін жеңіспен бастады. Мүмкін бапкерлік жұмысының соңғысы да болуы ықтимал. Өйткені, клуб ертең Андре Вилаш-Боашты ресми түрде бас бапкер деп танып, таныстыруы ықтимал деген ақпараттар тарауда.

«Манчестер Юнайтед» (Англия) 3 – 0 «Олимпиакос» (Грекия)


«Олд Траффорд» бүгін ерекше қуанышқа кенелді. Дәл осындай жеңісті жанкүйерлері де сағынып қалғандай. Манкуниандық команданың шешуші кездесуі тағдыры қыл үстінде тұрған бапкерді аман алып қалды.

Ойынды алаң иелері шабуылдаумен бастады. Жоғары деңгейде өткен текетірес футболсүйер қауымның жадында ұзақ уақыт сақталары анық десек болады. Стандартты жағдайдан мүлт кетпейтін Робин ван Перси хет-трик авторы атанды. Бір пенальти мен айып соққысын дәл орындаса, Рунидың жанталаса жүріп берген пасын да мүлт жібермей нәтижеге айналдыра білді. Және қақпашы Де Хеамен бір қатарда кездесудің қаһарманы саналды. Сонымен қатар, көзінен жарақат алса да ойынды тастап шықпаған Антонио Валенсия да ерлік танытты. Ал өз алаңында 2:0 есебімен жеңіске жеткен «Олимпиакос» Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңінде "Селтиктен" сүрінген қарағандылық «Шахтердың» күйін кешті десек болады. Өз кезегінде грекиялық команданың да мүмкіндіктері болған. Бірде қақпадан биік кетсе, бірде манчестерлік клуб қақпашысы қолынан табылумен болды. Осылайша «Манчестер Юнайтед» ағылшын премьер-лигасынан ширек финалға шыққан екінші клуб саналды. Кеше «Челси» бұл кезеңге өткен болатын.

Сонымен 1/4 финалға шыққан барлық командалар анықталды. Олар: «ПСЖ» (Франция), «Барселона» (Испания), «Бавария» (Германия), «Реал» (Испания), «Челси» (Англия), «Атлетико» (Испания), «Боруссия д» (Германия) және «Манчестер Юнайтед» (Англия). Ширек финалдың жеребесі ертең тартылатын болады.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай