«Барселона» мен «Арсенал» бапкерлері ауысуы мүмкін

О Сансызбай Корреспондент
«Барселона» мен «Арсенал» бапкерлері ауысуы мүмкін

Еуропаның алпауыттары саналатын каталондық «Барселона» мен лондондық «Арсеналдың» бас бапкерлері маусым аяқталғаннан кейін қызметтерінен кетуі ықтимал.

БӨЛІСУ


Испания Ла-Лигасы мен Кубогынан және Чемпиондар Лигасы жеңімпазы атағына барынша үміткер «Барселонаның» бас бапкерін Аргентина футбол федерациясының президенті Хулио Грандона ұлттық құрамаға шақырып отыр. Ал клуб пен аргентиналық маман арасындағы келісімшарт мерзімі 2015 жылға дейін қол қойылған. Осыған дейін футбол маманының клубтан кететіні туралы ақпараттар тараған болатын-ды. Сонымен қатар, 2014 жылы Аргентина құрамасын Бразилиядағы Әлем чемпионатына бастап баруы мүмкін бапкерлердің қатарында мадридтік «Атлетиконың» тізгінін ұстап отырған Диего Симеоне де бар. Алайда бұл жаттықтырушы клубтан кетпейтінін жеткізіпті.

Лондондық «Арсенал» да осы маусым мәресіне жетісімен Арсен Венгермен қош айтысуы мүмкін. Өйткені клуб басшылығы француздық маманмен келісімшартты ұзартуға асығар емес. Оның себебі де жоқ деп айтуға келмейді. «Канонирлер» маусымды сәтті бастағанымен, соңғы ойындарын сүреңсіз өткізуде. Ал бас бапкерлікке басты үміткер болып «Эвертонның» қазіргі жаттықтырушысы Роберто Мартинес саналуда. Естеріңізге сала кетсек, «Арсенал» осы аптада қос кездесу қорытындысы бойынша мюнхендік «Бавариядан» жеңіліп, Чемпиондар Лигасынан шығып қалған болатын.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: live-socceronline.blogspot.com