Ағылшындық екінші клуб жарыс жолынан шықты

Ағылшындық екінші клуб жарыс жолынан шықты

«Барселона» (Испания) – «Манчестер Сити» (Англия)


Алма-кезек шабуылдармен басталған кездесу ойын көркін алғашқы минуттардан-ақ қыздыра түсті. Шешуші сәтте ғана сәттілік жетіспеумен болды. Қонақтар өз айып алаңында Мессиді шалып жыққаннан кейін, 11 метрлік айып добын төреші белгілемеді. Самир Насриде есеп ашуға тамаша мүмкіндік болған. Алайда Виктор Вальдес шеберлігін таныта білді. Каталондық командадан кетемін деп жүрген қақпашы екінші таймда тағы да бір допты қақпасына енгізбеуімен көзге түсті.

Екінші тайм да командалардың тартысты шабуылдарымен басталды. Сондай қауіпті сәттердің бірінде Мессидің соққысы қақпа бағанынан кері серпілді. Алайда әлемнің үздік футболшысының бірі өз дегеніне жетпей қоймады. 67 минутта Фабрегастың тамаша пасынан кейін, ойындағы есепті ашты. 77 минутта төреші тағы бір қателікке бой алдырды. Ағылшындық команданың қатарынан жүйкесі сыр берген Сабалета екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Кездесу аяқталуға санаулы минуттар қалғанда Компани таразы басын теңестіріп кетті. Бір қарағанда, бұл гол да даулы жағдайда есепке алынды. Десе де Херардо Мартино командасы тең ойынмен қанағаттанбайтынын жеткізіп, соңғы секундтарда жеңісті өз пайдаларына шешті. Осылайша екі кездесуде де соңғы сәттерде белсенген Дани Алвес ширек финал мәселесін түбегейлі шешті.

«ПСЖ» (Франция) – «Байер» (Германия)


Алғашқы кездесуде төрт доп айырмасымен жеңілген леверкузендік «Байер» бірден есепті қысқартуға қам жасады. Бұл ұмтылыстарынан нәтиже де шығара білді. 6 минутта Сидней Сам есеп ашты. Десе де париждік команда қарсыластарының қуанышын көпке созбады. 13 минутта Маркиньюс кездесудегі есепті теңестірді. 28 минутта Сами Хюпяя командасының есепте тағы бір алға шығатын мүмкіндігі болған. 11 метрлік айып добын Рольфес сәтті орындай алмады. Есесіне екінші таймда Лавесси командасын алға шығарды. Қос кездесу қорытындысы бойынша «ПСЖ» 6:1 есебімен ширек финалға жолдама алды.

Естеріңізге сала кетсек, кеше мюнхендік "Бавария" мен мадридтік "Атлетико" ширек финалға шыққан болатын.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай