Қарымта кездесулердегі қонақтар қарымы қандай?

О Сансызбай Корреспондент
Қарымта кездесулердегі қонақтар қарымы қандай?

Бүгін Чемпиондар Лигасының 1/8 финалындағы қарымта кездесулер жалғасын табады. Каталондық «Барселона» мен «Манчестер Сити», «ПСЖ» мен леверкузендік «Байер» ширек финал жолдамасын сарапқа салатын болады.

БӨЛІСУ

«Барселона» (Испания) – «Манчестер Сити» (Англия)


Қос ұжым арасындағы алғашқы кездесуде каталондық команданың мысы басым болған-ды. Енді өз алаңында «Барселонаның» есе жібере қоюуы екіталай. Десе де екі ұжым да соңғы кездесулерінде жеңіліс тапты. Херардо Мартино командасы Ла-Лигада «Вальядолидке» күтпеген жерден есе жіберіп алса, ағылшын Кубогы аясында Мануэль Пеллегрини командасын «Уиган» жарыс жолынан шығарды. Сондықтан екі клубтың да іштерінде ыза бар деуге болады.

«Барселона» футболшыларының негізгі құрамы кездесуге қатысуға тас-түйін дайын. Ал «Манчестер Ситиде» ойынға шықпайтын футболшылар бар. Олар: 3 апта алдын қос команда ойынында алаңнан қуылған Демичелис, жарақаттарына байланысты алаңға шықпайтындар Стеван Йоветич пен Матия Настасич. Сонымен қатар, ағылшындық ұжымның бас бапкері Мануэль Пеллегрини де кездесуді сырт алаңнан бақылайтын болады. Бапкердің кездесуден шеттетілуіне байланысты, бүгін жасыл алаңдағы қызмет тізгінін оның көмекшісі Рубен Коусильяс ұстайтын болады.

Сонымен бүгін түнгі 01:45-те басталатын кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «Барселона» жеңісіне – 1,53 коэффициент, тең ойынға – 4,71  коэффициент, «Манчестер Сити» жеңісіне – 4,94 коэффициент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 2:2 нәтижесімен аяқталады деген болжамдар жасалуда.

Жанкүйер қауым асыға күткен кездесуді Астана уақытымен сағат түнгі 01:45-те «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар.

«ПСЖ» (Франция) – «Байер» (Германия)


Бұл кездесудің тағдыры шешіліп қойған десек те болады. Егер ғайыптан тайып, леверкузендік команда бір ғажайып жасап жүрмесе... Оның өзі ақылға сыймайтындай...

Алғашқы кездесуде Златан Ибрагимович бастаған жігіттер «Байерді» өз алаңында ойсырата жеңді. Төрт бірдей жауапсыз допты Сами Хююпия шәкірттерінің қақпасына тоғытты.

Соңғы кездесуінде Лоран Блан командасы «Бастияны» 3:0 есебімен тізе бүктірсе, «Байер» бундеслигада «Ганновермен» тең ойнады.

Кездесу алдындағы командалар құрамы:

«ПСЖ»: Сиригу — ван дер Вил, Тьяго Силва, Алекс Диас, Максвелл — Верратти, Матюйди, Тиагу Мотта — Ибрагимович, Кавани, Лавесси.
«Байер»: Лено — Хильберт, Донати, Волльшайд, Бениш — Рольфес, Эмре Джан, Г.Кастро — Сэм, Хен Мин Сон, Кисслинг.

Кездесуге хорваттық қазы Иван Бебек төрелік етеді. Түнгі сағат 01:45-те басталатын кездесудің жазба нұсқасын «КТК» арнасынан түнгі сағат 03:50-де тамашалай аласыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.ru, vk.com