«Атлетико» мен «Бавария» - ширек финалда!

«Атлетико» мен «Бавария» - ширек финалда!

«Бавария» (Германия) – «Арсенал» (Англия)


Қос ұжым арасындағы кездесу көркі ә дегеннен-ақ қызып кете қойған жоқ. Алаң иелері доп ұстау басымдығын қолға алып, командаласын паспен қамтамасыз етуді басты назарда ұстаумен болды. Алғашқы таймда Алаба мен Швайнштайгер ғана өз беттерімен бір-бір соққы жасап көрді. Алайда нәтиже бермеді. «Арсеналдың» ойыншылары алаң иелерін тізе бүктіруге қауқарлары жетпейтіндей сыңай танытумен болды. «Канонирлердің» көшбасшысы саналып үлгерген Месут Озилдың өзі 45 минут аяқталғанша көзге түсе қоймады. Нәтижесінде екінші таймда неміс футболшысының орнын Томаш Росицки басты.

Екінші таймда ойын көркі жандана түсті. Лондондық команда ойынына қарқын қосты. Алайда 55 минуттағы Пеп Гвардиола шәкірттерінің жүйелі шабуылы таблодағы нәтижені өзгертті. Алайда қонақтар араға 2 минут сала есепті теңестіріп кетті. Лукас Подольский Филипп Ламның оқыс құлаған сәтін пайдалынып, еншісіне бір допты жазды. Сонымен қатар, «канонирлер» мен мюнхендіктер де есепте алға шығуға болатын бірнеше мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Әсіресе ойын аяқталар тұстағы 11 метрлік айып добын атап өтуге болады. Айып алаңында Арьен Роббеннің жығылғанын байқаған бас қазы пенальти белгілеген болатын. Ал оны алаңға жаңа кірген Томас Мюллер голға айналдыра алмай састы. Осылайша қос кездесу қорытындысы бойынша 3:1 есебімен жеңіске жеткен «Бавария» ширек финалға жолдама алды.

«Атлетико» (Испания) – «Милан» (Италия)


Алғашқы кездесуінде де жеңіске жеткен мадридтік ұжым бұл жолы да сол жеңісті жолын жалғады. 3 минутта Диего Коста жылдам есеп ашып, клубтың Чемпиондар Лигасындағы ең жылдам соғылған голдарының көшін бастады. 22 минутта Кака таразы басын теңестіргенімен, алаң иелері бәрібір азуын батырып кетті. 40 минутта Арда Туран командасын алға шығарса, 70 минутта Рауль Гарсия есепті еселей түсті. Ал кездесудің соңғы нүктесін тағы да Диего Коста қойды. Осылайша қос ойын қорытындысы бойынша 5:1 есебімен Диего Симонэ командасы ширек финалға шықты. Ал «Милан» бұл маусымдағы байрақты бәсекелердің биік межелерінің соңғысынан қағылды десек болады.

Автор: Әкежан Дәкен

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай