Зарина Диас Қытайда өткен турнирдің жеңімпазы атанды

Зарина Диас Қытайда өткен турнирдің жеңімпазы атанды

Қазақстандық теннисші Зарина Диас Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен, жүлде қоры 50 мың АҚШ доллары болатын ITF сериясындағы теннис турнирінің жеңімпазы атанды.

Жерлесіміз ақтық сында тайландтық теннисші Ноппаван Лертчивакарнды 6:1, 6:1 есебімен тізе бүктірді. Осылайша 52 минутқа созылған финалдық ойын қазақстандық теннисшінің пайдасына шешілді. Ноппаван Лертчивакарн жартылай финалда қытайлық теннисші Йин-Йин Дуаньды жеңген еді.

Естеріңізге сала кетсек, Зарина Диас финалға шығар жолда үш бірдей қытайлық теннисшіден (Яфань Ванды – 6:3, 6:3; Шилинь Сю – 6:1, 6:2; Ван Цян – 6:4, 1:6, 6:1) басым түскен болатын. Жерлесіміз жартылай финалда бұрындары Қазақстан туы астында өнер көрсеткен ресейлік теннисші Ксения Первакты қапы қалдырды.

Зарина Диас бүгінде WTA-ның әлемдік рейтингінде 118-ші орында тұр. Бүгінгі жеңіс жерлесімізді бірнеше сатыға жоғары көтерері анық.

Заринаны жеңісімен құттықтаймыз!

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: Vesti.kz

Ш. Талап