Головкиннің менеджері Чавеспен өтуі мүмкін кездесу жөнінде сұқбат берді

Головкиннің менеджері Чавеспен өтуі мүмкін кездесу жөнінде сұқбат берді

Орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы 31 жасар боксшы Геннадий Головкиннің менеджері Олег Германн AllBoxing.Ru порталына сұқбат беріп, қазақстандық пен мексикалық боксшы Хулио Сесар Чавес кіші арасындағы кездесуді ұйымдастыру жөніндегі келіссөздердің басталып кеткенін хабарлады. Сонымен назарларыңызға сұқбаттың толық нұсқасын ұсынамыз.  

- Боб Арум (Чавестің промоутері) мен Том Леффлердің (Головкиннің промоутері) сөзінше, Головкин – Чавес арасындағы кездесудің шілде айында өтуі мүмкін екендінен хабардармыз. Осы жағдайды тарқатып айтып берсеңіз. Келіссөз жағы қалай болып жатыр?  

- Иә, келіссөздердің шынымен басталып кеткенін айтқым келеді. Алайда кездесу нақты шілде айында өтеді деп кесіп айта алмаймын. Ол күзге қарай да ұйымдастырылып қалуы мүмкін. Бәрі де алдағы уақытта жалғасатын келіссөздердің қалай өтетініне, немен аяқталатынына байланысты. Бірақ бір айта кетерлігі, екі жақ та бұл жекпе-жектің орын алуына мүдделі. Бұл үлкен кездесуді өткізу үшін басты нәтиже.

- Головкинмен болатын негізгі кездесу алдында Чавестің орта салмақта бір боксшымен жұдырықтасатын жоспары жоқ па? Оның салмағы Головкиннен 6-7 келі артық екенін ескерсек, оны жартылай ауыр салмақтағы боксшы деп атасақ та болады ғой?

- Салмақ дәрежесіне келер болсақ, Чавес Генаға қарсы тек 168 фунтта кездескісі келеді. Сондықтан оның салмақ тастауы екіталай (Демек кездесу орын алып жатса, боксшылар дәл осы салмақта жұдырықтаспақ).

- Бұл кеш PPV-оқиғасы (PPV – «pay per view» (америкалық көрермендер бокстағы жоғары деңгейлі кездесулерді кабельдік арнадан ақша төлеп көретін ақылы қызмет) ретінде көрсетіле ме?

- Иә, екі боксшы да өз салмақтарындағы үздік үштікке кіретіндіктен міндетті түрде бұл кездесу PPV аясында көрсетіледі. 2013 жылдың қорытындысы бойынша HBO арнасының көрермендері дәл осы боксшыларға үлкен қызығушылық танытты. Қазірдің өзінде бұл жекпе-жек көпшілік талқылауына түсіп үлгерді. Бұл бізге Головкин-Чавес кездесуі PPV-қызметінде жоғары рейтинг жинай алатынын көрсетеді.

- Қалай ойлайсыз, Чавес промоутерінің бұл кездесуде өз клиентінің фаворит болмайтындығына қарамастан, оған соншалықты қызығушылық танытуының себебі неде?

- Боб Арум Чавес – Головкин кездесуі осыған дейін өткен Чавес – Мартинес кездесуіне қарағанда жоғары PPV-нәтижесін көрсете алатынын жақсы біледі. Сондай-ақ Чавес өзіне әрі жеңіске жететініне сенімді. Ол мұны өзінің GGG-ге қарсы кездескісі келетінін ашық айтып дәлелдей алды. Сондықтан екі жақ үшін де бұл үлкен оқиға.

- Ал Андре Уорд пен оның бапкерінің Головкинмен болуы мүмкін кездесу жөнінде жасаған мәлімдемесіне көзқарасыңыз?

- GGG ешқашан да қандай бір жекпе-жектен бас тартқан емес. Сондай-ақ ол себеп болып жатса 154 фунтқа түсіп немесе 168 фунтқа көтерілуге де дайын. Айтып кеткенімдей, Чавеспен болуы мүмкін кездесу үлкен PPV-оқиғасы ретінде қарастырылады. Уордқа келер болсақ, Геннадий оны адам ретінде де, екінші орта салмақтағы чемпион ретінде де құрметтейді. Ол спорттық тұрғыдан келгенде Уордпен болатын кездесуге қызығушылық танытатынын бірнеше рет айтты да. Өкінішке орай, қазіргі таңда бұл кездесу PPV статусына жете қойған жоқ. Ал оны қарапайым кездесу ретіндеқарастырып, оның үстіне 168 фунтқа көтеріліп, Уордқа қарағанда үш есе кем гонорар алып, оның шаршы алаңында кездесу дегенің – ол үшін еш тиімсіз. Сондықтан біз қазіргі кезде бұл кездесудің өтуіне мүдделі емеспіз.  

Уорд – сөзсіз әлемдегі ең үздік боксшылардың бірінен саналады, ол Super Six турнирінің жеңімпазы. Алайда ол осы күнге дейін PPV-боксшысы атанып үлгерген жоқ. Мен оның болашақта PPV-дің тұрақты боксшысына айналатынына да сенімім аз. Оның стилі бүгінгі таңда PPV боксшысына тән деп те айта алмаймын. Меніңше, болашақта аталған кездесудің орын қалуы әбден мүмкін. Алайда барлығы да Геннадий мен Уордтың бокстағы мансаптарының әрі қарай қалай өрбитініне тікелей байланысты.

Геннадий Головкин өзінің соңғы кездесуін 1 ақпаннан 2-сіне қараған түні Монакода ганалық Осумана Адамаға қарсы өткізіп, жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Бұл қазақстандық боксшының кәсіпқой рингтегі 29-шы, ал биылға жоспарлаған алғашқы жекпе-жегі саналады. Сондай-ақ Головкин соңғы 16 кездесуін уақытынан бұрын аяқтады.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: allboxing.ru

Б. Қосмағамбет