Ел футболындағы соңғы жаңалықтар

О Сансызбай Корреспондент
Ел футболындағы соңғы жаңалықтар

Бұл маусымдағы ел премьер-лигасының алғашқы ойындарын «Ақтөбе» мен «Шахтер» Суперкубокты сарапқа салумен бастайды. Ал премьер-лига ойындарының басталуына небәрі бір апта уақыт ғана қалды.

БӨЛІСУ


Өткен маусымдағы ел чемпиондары мен Қазақстан Республикасы Кубогының иегерлері арасындағы суперкубоктық кездесу 9 наурыз күні «Астана-Арена» стадионында өтеді. Кездесуге Руслан Дүзмамбетов қазылық жасайды. Ал букмекерлік орталықтар Владимир Никитенко командасын фаворит санауда.

Виктор Кумыков, «Шахтер» командасының бас бапкері:

- Бізде барлығы ойдағыдай. Оқу-жаттығу жиындарын жоғары деңгейде өткіздік. Біз финалда үш рет қатарынан жеңілдік. Бұл жолы олай болмас. Облыс әкімімен жолыққанда тағы да Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шығуға мүмкіндігіміз барын жеткіздік. Клубтан бірнеше белді футболшылар кетсе де өткен жылғы нәтижені жақсарта аламыз деп сенемін.

Владимир Никитенко, «Ақтөбе» командасының бас бапкері:

- Барлықтарыңызды алда келе жатқан жаңа маусыммен құттықтаймын. Ал біздің команда үшін Суперкубоктың маңызы зор. Бізді үлкен футбол мерекесі күтіп тұр деп ойлаймын. Клуб құрамында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Алты бірдей футболшы командаға қабылданды. Олардың енді аздап құрамға бой үйретуін күтетін боламыз – деді.

Осыған дейін «Ақтөбе» командасымен біржылдық келісімшартқа қол қойған украиналық футболшы Артем Милевский қазіргі таңда клуб құрамында жоқ екен. Бұл туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.

«Ертіс» эстондық бапкермен келісімшартқа қол қойған жоқ


Осыған дейін павлодарлық «Ертіс» командасы бұрынғы Эстония құрамасының бапкері Тармо Рюютлимен келісімшартқа қол қойғаны туралы ақпарат тараған болатын. Дегенмен қазақстандық клубтың бапкермен келісімшартқа қол қоймағаны белгілі болды.

Cавич «Қайсар» сапын толықтырды


28 жасар македониялық шабуылшы Душан Савич қызылордалық «Қайсардың» қатарын толықтырды. Футболшы бұдан бұрын македониялық клубтар «Беласица», «Победа», «Вардар», «Работнички» , румыниялық «Брашов» клубында, кореялық «Инчхон Юнайтед», Өзбекстанның «Пахтакорында», Украинаның «Волынь» және «Говерла» клубтарында өнер көрсеткен. Македония құрамасында 9 ойын өткізіпті.

Михаил Бақаев Қазақстан азаматтығын алды


Ресейлік «Алания» клубының сапында өнер көрсеткен Михаил Бақаев еліміздің азаматтығын иеленді. Жаңа маусымда алматылық «Қайрат» намысын қорғайтын футболшы алдағы уақытта ұлттық құрамаға да шақыртылып қалуы мүмкін.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz, vk.com