"Қалалықтар" Мессиге 200 млн. еуро төлеуге әзір

Болат Қосмағамбет Корреспондент
"Қалалықтар" Мессиге 200 млн. еуро төлеуге әзір

Ағылшын премьер лигасының белді клубтардың бірінен саналатын "Манчестер Сити" каталониялық «Барселона» шабуылшысы, аргентиналық Лионель Мессиді футбол трансфері тарихында бұрын соңды болмаған рекордты бағаға, дәлірек айтсақ 200 миллион еуроға сатып алуға әзір, деп хабарлайды испандық El Confidencial басылымына сілтеме жасаған Soccer.ru сайты.

БӨЛІСУ

Басылым хабарлағандай, ағылшын клубының басшылығы аргентиналық ойыншының әкесімен байланысқа шығып, ұсыныс та тастап үлгерген. Қазір Месси «Барселонада» осыдан екі-үш жыл бұрынғыдай өзін керемет сезініп жүр деп айта алмайсыз. Сондықтан ол өзі жақсы танитын Чики Бегиристайн мен Ферран Сориано жұмыс жасайтын «қалалықтардың» ұсынысын қабылдап қалуы ғажап емес. Егер аргентиналық футболшы ағылшын жеріне ауысуға келісімін беріп жатса, ол жаңа клубынан жылына 25 миллион еуро көлемінде жалақы алатын болады.    

Лионель Месси «Барселона» клубында 2003 жылдан бастап ойнап келе жатыр. Содан бері ол клубымен бірге Испания чемпионатын алты рет (2004/05, 2005/06, 2008/09, 2009/10, 2010/11, 2012/13) жеңіп алды. 2007, 2009 және 2010 жылдары Месси ел чемпионатының үздік футболшысы атанды. 26 жасар футболшы 2008 жылғы Олимпиада ойындары мен 2005 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы саналады. Сонымен қатар ол 2013 жылы футбол тарихында «Алтын доп» жүлдесіне төрт мәрте қол жеткізген тұңғыш футболшы атанды.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: sport.nur.kz