"Astana Arlans" командасының плей-оффтағы қарсыласы анықталды

"Astana Arlans" командасының плей-оффтағы қарсыласы анықталды

Бүкіләлемдік бокс сериясының өткен маусымдағы жеңімпазы қазақстандық "Astana Arlans" командасы жарыстың плей-офф кезеңі аясында Германияның "German Eagles" клубымен кездесетін болды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Неміс командасы турнирдің соңғы өткен топтық матчында Аргентинада жергілікті ұжымға 2:3 есебімен жол беріп қойған болатын. Осы жеңілісінен кейін команданың бір матчы артық қалғанымен, олардың өз тобында екінші орын алмайтыны түсінікті болып, нәтижесінде үшінші орынды қанағат тұтқан олар көрші топтағы Astana Arlans боксшыларына қарсылас атанды.   

Осыған дейін қос команда WSB сериясының үшінші маусымында кездесіп, сол кездегі екі ойынды да «арландар» жеңіспен аяқтаған еді. Сонымен турнирдің ширек финалық кезеңі аясында «арландар» мен «қырандар» арасындағы матчтың алғашқы туры 28 наурыз күні Германияда өтсе, қарымта кездесу 5 сәуір күні Қазақстанда өтеді деп жоспарланып отыр.

Astana Arlans және German Eagles жұбының жеңімпаз командасы жартылай финалда Italia Thunder мен В тобында төртінші орын алатын (немесе Russian Boxing Team, әлде Baku Fires) команда арасындағы ойынның жеңімпазына қарсылас атанады.

Естеріңізге сала кетсек, соңғы өткен матча «арландар» Алматыда Poland Hussars клубын 4:1 есебімен ұтып, өз тобында 22 ұпаймен екінші орынға тұрақтаған болатын. Ал топтық кезеңнің жеңімпазы Бостандық аралының "Cuba Domadores" клубымен кездеседі.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: archive.sportinfo.kz

Б. Қосмағамбет