Рауль спорттық карьерасын аяқтайтын болды

Шерхан Талап Корреспондент
Рауль спорттық карьерасын аяқтайтын болды

Испания құрамасының және мадридтік «Реалдың» экс-футболшысы Рауль Гонсалес спорттық карьерасын аяқтайтын болды. Бұл туралы El Confidencial порталы хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Рауль бүгінде Катардың «Аль-Садд» клубында өнер көрсетеді. Катарлық клуб отыз алты жастағы ойыншыдан ойынын жалғастыра беруді сұрағанымен, Рауль нақты бір шешімге келді. Ол енді алдағы уақытта бапкерлікпен айналыспақшы. 

Испаниялық ойыншының бұрынғы клубы «Шальке-04» Раульді өз командасынан көруге дайын екенін хабарлаған болатын. Дегенмен осыған дейін Раульге «туған клубы» «Реал» жақсы ұсыныс тастаған еді. «Реал» клубының президенті Флорентино Перестің ұсынысы бойынша, Рауль алдағы маусымда команданың құрылымына жауап береді. Одан кейін бапкерлік қызметке ауысуға жол ашыла түспек.

«Реалға» он алты жасында келген ойыншы алты дүркін Испания чемпионы, үш дүркін Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, ол төрт рет өз елінің Суперкубогын, екі мәрте Құрлықаралық кубокты және бір мәрте Еуропаның Суперкубогын жеңіп алған. Рауль Испания құрамасының сапында 102 ойын өткізіп, 44 гол салған. 

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: sport.news.am