Хулио Сесар Чавес кіші Головкинмен кездескісі келетінін мәлімдеді

Хулио Сесар Чавес кіші Головкинмен кездескісі келетінін мәлімдеді

Екінші орта салмақта өнер көрсететін 28 жасар мексикалық боксшы Хулио Сесар Чавес кіші америкалық Брайан Верадан басым түскеннен кейін ендігі кезекте оның мақсаты орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинмен кездесу екендігін мәлімдеді.

«Ендігі кезекте Головкинмен кездессем бе деймін»,-деп мәлімдеді Чавес кіші Верамен болған кездесуден кейін. Одан бөлек мексикалық боксшы кезінде өзін жеңген аргентиналық Серхио Мартинеспен қайта кездесуге де қарсы еместігін айтты. Алайда ол үшін аргентиналық биылғы жылдың маусым айында Мигель Коттоны жеңуі мен тиіс.    

Хулио Сесар Чавес кіші қарымта жекпе-жекте америкалық Брайан Вераны төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімі бойынша жеңген болатын: 117-110, 117-110, 114-113. Бұл жеңіс оның 50-ші кездесуіндегі 47-шісі саналады. Ол кәсіби мансабы жолында тек аргентиналық Серхио Мартинеске ғана тізе бүккен еді. Сондай-ақ бір кездесу тең есеппен аяқталса, біреуі өтпей қалған.   

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Геннадий Головкин мен Хулио Сесар Чавес кіші арасындағы жекпе-жек 12 шілде күні өтуі мүмкін. Сондай-ақ қос боксшы бірінші орта салмақта (76 келіге дейінгі) жұдырықтасады деген де болжам бар. Хулио Сесар Чавес кішінің мүддесін қорғайтын Top Rank промоутерлік компаниясының басшысы Боб Арум қазақстандық боксшының промоутері Том Леффлермен алдағы уақытта өтуі мүмкін жекпе-жектің мәселелерін талқылау үшін кездескені де белгілі болған еді.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Геннадий Головкиннің 26 сәуірге жоспарлаған бокс кеші боксшының отбасылық жағдайына байланысты өтпейтіні белгілі болды. Қазақстандық боксшының болуы мүмкін қарсыласы ретінде Энди Лидің есімі аталған еді. Кездесу Нью-Йорктегі (АҚШ) Madison Square Garden кешенінде өтеді деп жоспарланған болатын.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: boxing.ru

Б. Қосмағамбет