Головкин алдағы кездесуге шығудан бас тартты

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Головкин алдағы кездесуге шығудан бас тартты

Орта салмақтағы WBA және IBO чемпиондық белбеулерінің иегері Геннадий (GGG) Головкиннің промоутері Том Леффлер қазақстандық боксшының алдағы сәуір айында жоспарланған кездесуге қатыса алмайтынын хабарлап, оның себебін де түсіндіре кетті.  

БӨЛІСУ

«Біз бүгін Геннадий Головкиннің менеджерінен оның 26 сәуірге жоспарланған кездесуге қатыса алмайтыны туралы хабар алдық,-деп мәлімдеді Том Леффлер. – Біз оның бапкері Абель Санчес екеуміз өткен аптада Қазақстанға барып қайттық. Геннадийдің жанұясында болған қаза (әкесінің қайтыс болуы) олар үшін ауыр соққы болып тиді. Қазір ол ағасы екеуі жалғыз қалған анасына қолдау білдіруде. Сондай-ақ олар 40 күнге дейін туған қаласында болады. Әзірге біз оның жоспары жөнінде ешнәрсе біле алмаймыз, оның боксқа қашан оралатынын да айта алмаймын».

Леффлердің сөзінше, оның командасына Геннадий Головкиннің бокс әлеміне оралуын күтуден басқа шара жоқ. Бұған екі ай немесе одан да көп уақыт кетуі мүмкін. Айта кетейік, осыған дейін біз сіздерге Головкиннің 26 сәуір күні Нью-Йоркте ирландиялық Энди Лимен кездесетін болып шешілгенін хабарлаған болатынбыз. Ал бұл жекпе-жекті HBO телеарнасы бүкіләлемге таратуды жоспарлаған еді. Енді жоғарыдағы себепке байланысты Гена мен Ли арасындағы кездесу белгісіз уақыт аралығына дейін кейінгі қалдырылатын болады. Ол жөнінде толық ақпараттарды алдағы уақытта жариялайтын боламыз.  

Айта кетейік, егер Головкин Лиді жеңген жағдайда оған орта салмақтағы ең жұлдызды боксшылардың бірі саналатын, кәсіби мансабында тек аргентиналық Серхио Мартинеске ғана жеңілген мексикалық Хулио Сесар Чавес кішімен кездесу мүмкіндігі болған еді. Мамандар тіпті олардың жұдырық түйістіретін уақытын да белгілеп қойған болатын (12 шілде, АҚШ).

Геннадий Головкин өзінің соңғы кездесуін 1 ақпаннан 2-сіне қараған түні Монакода ганалық Осумана Адамаға қарсы өткізіп, жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Бұл қазақстандық боксшының кәсіпқой рингтегі 29-шы, ал биылға жоспарлаған алғашқы жекпе-жегі саналады. Сондай-ақ Головкин соңғы 16 кездесуін уақытынан бұрын аяқтады.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: vk.com