Артем Милевский «Ақтөбе» қатарын толықтырды

Артем Милевский «Ақтөбе» қатарын толықтырды

«Ақтөбе» командасы украиналық футболшы Артем Милевскиймен толықты. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.

Осыған дейін бұл шабуылшының Владимир Никитенко командасына ауысуы туралы ақпараттар тараған болатын. Алайда қазақстандық команданың бас бапкері Владимир Никитенко клубында шабуылшылардың жеткілікті екенін жеткізген де еді. Десе де клуб басшылығы футболшымен біржылдық келісімшартқа қол қойғаны бүгін мәлім болды. 29 жастағы футболшы «Ақтөбе» қатарын еркін кеңістіктегі футболшы ретінде толықтырды.

Артем Милевский соңғы рет Түркияның "Газиантепспор" клубында өнер көрсетті. Команда құрамында алты кездесуге қатысып, бір рет қарсылас қақпасында доп та тулатыпты. Өткен жылдың 31 желтоқсан күні команда мен футболшы арасындағы келісім жалақының дұрыс төленбеуінен кейін бұзылған. Ал оған дейін футболшының аты киевтік «Динамода» шыққан болатын. 11 жыл аталған команданың намысын қорғаған шабуылшы Украинадағы танымал футболшылардың қатарына да қосылды. 278 кездесуге қатысып, 87 гол соққан. 2006 жылы Украина құрамасымен Әлем чемпионатында да өнер көрсетті. 2012 жылғы Еуропа чемпионатынан кейін футболшымен «Динамо» басшылығы келісімін ұзартуды қаламаған-ды.

Сонымен қатар, Артем Милевский Украина құрамасының қатарына қайта шақыртылуы мүмкін. Бұл туралы аталған құраманың бас бапкері Михаил Фоменко «Футбол 1» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеген. Осыған дейін ұлттық құраманың жейдесін киіп 50 рет алаңға шыққан футболшы 8 допты қарсылас қақпасында тулатқан екен.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: Асылбек Қуанышев, fc-aktobe.kz

Ө. Сансызбай