Головкин Мейвезерді жеңе алатын боксшылардың қатарында

Головкин Мейвезерді жеңе алатын боксшылардың қатарында

Орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин ресейлік Sports.ru порталы түзген қазіргі таңдағы барлық салмақ дәрежесіндегі әлемнің үздік боксшысы, америкалық Флойд Мевезерді жеңуге шамасы келетін боксшылардың тізіміне енді.

Осыған дейін жартылай орта салмақтағы WBC чемпиондық белбеуінің иесі Флойд (лақапаты «Ақша») Мейвезер (45-0, 26 КО) өзінің алда кездесетін қарсыласын анықтағанын хабарлаған болатынбыз. Аргентиналық Маркос Майданамен (35-3, 21 КО) чемпиондық атақтарды біріктіретін кездесу 3 мамыр күні Лас-Вегаста өтеді деп жоспарланған.

Осыған дейін өзінің кәсіпқой мансабында 45 кездесу өткізіп, оның барлығында да жеңіске жеткен Мейвезер кезекті қарсыласын өзінің Инстаграмдағы парақшасына британдық Әмір Хан мен аргентиналық Маркос Майдананың суреттерін жариялап, екеуінің бірін таңдау мүмкіндігін өз жанкүйерлеріне берген еді. Оның қорытындысында, Хан жеңіске жеткенімен, Флойдтың өзі  WBA чемпионын таңдаған.   

Sports.ru порталы хабарлағандай, Мейвезер өзінің кәсіби мансабын тек ақша үшін жалғастырмақ емес, оған нағыз қарсыластар қажет. Осы тұста айта кететін жәйт, Флойд Мейвезер қазіргі таңдағы кәсіпқой боксшылар арасында ең бай атлет саналады. Оның бір кездесу үшін алатын сыйақысы (телеарналардан келетін табысты есептемегенде) кем дегенде 30 миллион долларды құрайды. Сонымен, аталған портал жасаған тізімге Геннадий Головкиннің кандидатурасы да еніп отыр.

Ал Головкиннің өзі болса, осыған дейінгі бір сұқбатында Мейвезермен кездесу оның үлкен арманы екенін айтқан болатын. Ол үшін Гена өз салмақ дәрежесіндегі чемпиондық атақтарды біріктіретін кездесулерден де бас тартып, біршама салмақ тастауға да әзір екендігін мәлімдеген еді. Алайда сол кезде Мейвезердің әкесі (әрі бапкері) өз баласына 29 кездесудің барлығында да жеңіске жеткен (оның 26-сы уақытынан бұрын аяқталған) Головкинмен кездеспеуге кеңес бергені де көпшілік есінде.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: lada.kz

Б. Қосмағамбет