Сочи саңлақтары кімдер?

О Сансызбай Корреспондент
Сочи саңлақтары кімдер?

Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы (AIPS) Сочи ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарындағы ерлер мен әйелдер арасындағы үздік спортшыны анықтады.

БӨЛІСУ

Ерлер арасындағы ақ Олимпиаданың ең үздік спортшысы болып норвегиялық биатлоншы Уле-Эйнар Бьорндален танылды. Дауыс бергендердің 28%-ы осы спортшыны қолдаған. Норвегиялық биатлоншы 40 жасында қысқы Олимпиада ойындарының 8 дүркін чемпионы атанды. Ол 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде өткен додада аталған спорт түрінен 4 медальдар жиынтығының алтынын иеленіп, абсолютті чемпион атанған-ды. Одан кейінгі жарыстарда да жүрісінен жаңыла қойған жоқ. Ал Сочидегі 2 алтын медалі жерлесі Бьорн Дели бағындырған биікті басып озуына септігін тигізді. Екінші орыннан Ресей қоржынына 3 алтын, 1 қола салған оңтүстік кореялық конькиші Виктор Ан көрініп отыр. Үштікті француздық биатлоншы Мартен Фуркад 12% дауыспен қорытындылаған.

Әйелдер арасындағы ең үздік әрі табысты спортшы беларустық биатлоншы Дарья Домрачева болды. Ол дауыс берген журналистердің 45% қолдауына ие болған. Ол Сочи Олимпиадасында ұлттық құрамасының қоржынына 3 алтын медальды салды. Екінші орыннан словениялық тау шаңғышысы Тина Мазе (2 алтын, 21% дауыс) көрінсе, үшінші болып норвегиялық шаңғышы Марит Бьорген (3 алтын, 7%) журналистер қолдауына ие болған.

Сочи қысқы ойындарының үздік командасы болып конькиден Нидерланды ерлер құрамасы танылды. Жалпы әйелдер мен ерлер құрамын қоса алғанда «Қызғалдақ елінің» өкілдері 12 медальдар жиынтығының сегізінде топ жарған болатын.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: ria.ru