"Боруссия" қонақта жеңіске жетті

Ла Лига Корреспондент
"Боруссия" қонақта жеңіске жетті

Чемпиондар Лигасының 1/8 финалы аясында "Зенит" өз алаңында дортмундық "Боруссияны" қабылдаған болатын...

БӨЛІСУ

"Боруссияның" бас бапкері Юрген Клопп питерліктердің ертеректегі ойындарына шолу жасап, тактикалық тұрғыда тосқауыл қойып шыққан-ды. Ойлаған мақсат көп ұзамай-ақ жүзеге асты. Жылдам соғылған екі голдың арқасында, бундеслиганың экс чемпиондары алтыншы минутта 2:0 есебімен жеңіп жатты. Генрих Мхитарян Ройс берген пасты сәтті пайдаланып, бірінші болып көзге түссе, артынша армян жартылай қорғаушысы Ройсқа тамаша пас асырып берді. Неміс ойыншысы Юрий Лодыгин қорғаған қақпадан саңылау тапты. 

Питерлік команда өз ойын мәнері үшін сәт сайын жазаланып отырды. Дортмундықтар оларға допқа иелік етуге мүмкіндік бермей, өз ойын бөліктерінде тықсырумен болды. Юргеннің тәлімгерлері  қақпашы мен қалың қорғаушының ортасында аяусыз қысым жасап, кезі келгенде допты тартып алып жатты.

Бұл күні "Боруссияның" да қорғанысы мәз емес болған-ды. Бас бапкер Клопп өз командасын бұзылып тұратын кір машинасына теңеп, көп ұзамай ретке келтіретінін айтқан екен. Лучано Спаллетти үзілістен соң алаң шетінен Луиш Нетуге тапсырма беріп, шабуылдың жылдам қарқын алуын тапсырып жатты. Дегенмен, Халк бастаған ойыншылар Вайденфеллер қақпасына бетпе-бет шығуға мүмкіндік ала алмады. 

Хосепа Гвардиола айтпақшы, "әлемнің ең мықты қарымта шабуылдаушы командасы" өзінің жылдам ойын мәнерімен питерліктерді сәт сайын мазалап тұруға ұмтылды. Ал "Зениттің" жүйесіз пастары, Роберт Левандовскидің есеп ашуына жол ашты. Екінші мүмкіндіктен де Роберт мүлт кетіп жатпады. Анатолий Тимощуктің қателігін тиімді пайдаланған ол, өз еншісіне екі голды жазды. 

Енді қарымта ойын Дортмунд төрінде өтеді. "Боруссияның" екі гол айырмасымен жеңіле қоюы екіталай. Дей тұра, польшалық сұрмерген Левандовски үзілісте жеңіске жетудің әлі алда екенін, жоспардың жартысы ғана орындалғанын тілге тиек етіпті.

"Зенит" (Санкт-Петербург) – "Боруссия Д" (Дортмунд) – 2:4 (0:2)

Голдар: Мхитарян 4’ – 0:1, Ройс 5’ – 0:2, Шатов 57’ – 1:2, Левандовски 61’ – 1:3, Халк 69’ (пенальти) – 2:3, Левандовски 71’ – 2:4

"Зенит": Лодыгин, Кришито, Ломбертс, Нету, Анюков (Смольников 83’), Шатов, Файзулин (Кержаков 84’),Витсель, Аршавин (Тимощук 15’), Рондон, Халк

Қосалқы құрам: Зырянов, Лукович, Малафеев, Губочан

"Боруссия Д": Вайденфеллер, Фридрих, Папастатопулос, Шмельцер, Пищек, Кель, Гросскройц, Шахин, Ройс(Хофманн 85’), Мхитарян (Обамеянг 70’), Левандовски

Қосалқы құрам: Йойич, Шибер, Ланжерак, Дурм, Сарр

Ескертулер: Анюков 54’, Пищек 69’, Файзулин 81’

Бас қазы: Коллум Уилльям.

25 ақпан. "Петровский" стадионы (Санкт-Петербург).

Автор: Әкежан Дәкен

Сурет: sports.ru