Шүменов vs Хопкинс. Бернард нокауттың орын алатынына сенім білдірді

Шүменов vs Хопкинс. Бернард нокауттың орын алатынына сенім білдірді

Жартылай ауыр салмақтағы IBF чемпиондық белбеуінің иегері 49 жасар америкалық Бернард Хопкинс алда өтетін жекпек-жекте осы салмақ дәрежесіндегі WBA чемпионы, қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменовті нокаутқа түсіретініне сенім білдірді, деп хабарлайды The Ring спорт порталы.

«Бұл кездесудің тартысқа толы болатынына сенемін. Мен өзімнің спорттық мансабымда 2004 жылдан бері қарсыластарымды нокаутпен жеңе алмай келемін. Менің жұдырығымнан соңғы рет Оскар Де Ла Хой құлаған болатын. Ендігі нокаутым Бейбітке қарай бағытталатын болады»,-дейді Хопкинс. Өзінің соңғы кездесуінде Хопкинс неміс Каро Муратты ұпай санымен ұтқан болатын.

Одан бөлек, Бернард Хопкинс қазақстандық Шүменовке қатысты да ойын білдіре кетті: «Мен оны алғаш рет Сан-Антониода көрдім. Оның мансабындағы қарсыластарына келер болсақ, олардың «ешкім» еместігіне көзіміз жетеді (Шүменов кәсіби рингте 14 кездесу өткізіп, 1 кездесуде жеңіліске ұшыраған). Егер онымен асықпай жүріп жұдырықтасатын болсаңыз, оның үстемдік ететіні сөзсіз. Сондықтан біздің кездесуде жылдамдықтың алар орны зор». Сондай-ақ америкалық боксшы Шүменовтен басым түсу үшін қолынан келетін барлық амалды жасайтынын айта кетті.   

Осыған дейін Шүменов америкалық Бернард Хопкинсті бокс тарихындағы ең атақты әрі ұлы чемпион деп атап, оған деген үлкен құрметін білдірген болатын. Сондай-ақ қазақстандық боксшы өз мансабында оның деңгейіндегі боксшымен бұрын-соңды кездеспегенін де айта кетті. Естеріңізге сала кетсек, қос чемпион арасындағы кездесу 19 ақпан күні АҚШ астанасы Вашингтонда өтеді.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: sport.nur.kz

Б. Қосмағамбет