«Арландар» ойсырай жеңілді

«Арландар» ойсырай жеңілді

Дүниежүзілік бокс сериясы аясында (WSB) «Astana Arlans» командасы Гаванада «Cuba Domadores» былғары қолғап шеберлерінен ойсырай жеңілді.

Шаршы алаңдағы кездесудің тағдыры 3-ші кездесуден кейін-ақ шешіліп қойды. 75 келіде Ерік Әлжанов Луис Рамонға 50:45, 49:46, 48:47 есебімен жеңілсе, Арбек Абдуғаниев Эрисланди Савоннан техникалық нокаутпен ұтылды. Бағдад Әлімбеков (56 келі) пен Руслан Мәдиевтің (64 келі) де жолы болмады. 49 келіде бақ сынаған Теміртас Жүсіпов Йосбани Вейтиаға нәтижелі соққыларын дарытқанымен, жеңіс ринг иегерінің пайдасына шешілді.

Осылайша 5:0 есебімен жеңіске жеткен «Cuba Domadores» сегіз кездесуінің барлығында жеңіске жетіп отыр. Ал жерлестеріміз екінші орында келеді. Соңғы кездесуін «Astana Arlans» 1 наурыз күні «Poland Hussars» боксшыларына қарсы өткізеді. Шаршы алаңдағы бұл жекпе-жекке ұлттық құраманың клубпен жақында келісімшартқа отырған боксшылары Данияр Елеусінов, Берік Әбдірахманов және Әділбек Ниязымбетов шығады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай