Головкиннің кезекті "қарсыласы" пайда болды

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Головкиннің кезекті "қарсыласы" пайда болды

32 жасар аустралиялық боксшы Дэниэл Гил өзінің отандасы 35 жасар Гарт Вудты жеңгеннен соң, орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий (GGG) Головкинмен кездескісі келетінін айтып, мәлімдеме жасады.  

БӨЛІСУ

«Енді келесі қарсыласым Головкин болады деп үміттенемін. Мен Аустралияға кезекті екі бірдей чемпиондық белбеуді алып келуге бел будым», - деп жазады Гилдің сөзіне сілтеме жасаған Tofight.ru

Аустралияның Сидней қаласында өткен кеште Дэниэл Гил қарсыласын бірінші, бесінші және алтыншы раундтарда нокдаунға жіберіп, осыдан кейін шарасы таусылған Вудтың командасы кездесуді тоқтатуға мәжбүр болған еді.

2

Естеріңізге сала кетсек, Дэниэл Гил 26 сәуір күні Головкинге қарсы шығуы мүмкін боксшылардың арасында болған еді. Алайда ол кездесудің «жасыл құрлықта» көрсетілмейтіндігі себепті, өзіне түскен ұсыныстан бас тартқан болатын. Бірақ Гил өзінің әуесқой мансабы кезіндегі Генаға жіберген есесін кәсіпқой рингте қайтарып алуға әзір екендігін де айтып қалды.

Ал Геннадий Головкиннің жеке бапкері Абель Санчес болса, 26 сәуір күні өз шәкіртіне қарсы шығатын боскшылардың арасында әзірше ирландиялық Энди Лидің кандидатурасы бәрінен басым тұрғанын айтады.  

Естеріңізге сала кетсек, қазіргі кезде Головкиннің белінде WBA/IBO тұжырымдарының чемпиондық белбеулері бар. Қазақстандық боксшы өзі өткізген 29 кездесуінің барлығында да жеңіске жеткен. Оның 26-сы уақытынан бұрын, яғни нокаутпен аяқталды. Өзінің соңғы өткізген жекпе-жегінде ол ганалық Осумана Адаманы жетінші раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірген еді.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: Tofight.ru, Аllboxing.ru