Милевский "Ақтөбе" қатарын толықтырмақ

Милевский "Ақтөбе" қатарын толықтырмақ

Украиналық шабуылшы Артем Милевский «Ақтөбе» командасымен жақын күндері келісімшартқа отыруы мүмкін. Бұл туралы ИТАР-ТАСС агенттігі хабарлап отыр.

Артем Милевский соңғы рет Түркияның "Газиантепспор" клубында өнер көрсетті. Команда құрамында алты кездесуге қатысып, бір рет қарсылас қақпасында доп та тулатыпты. Өткен жылдың 31 желтоқсан күні команда мен футболшы арасындағы келісім жалақының дұрыс төленбеуінен кейін бұзылған. Ал оған дейін футболшының аты киевтік «Динамода» шыққан болатын. 11 жыл аталған команданың намысын қорғаған шабуылшы Украинадағы танымал футболшылардың қатарына да қосылды. 278 кездесуге қатысып, 87 гол соққан. 2006 жылы Украина құрамасымен Әлем чемпионатында да өнер көрсетті. 2012 жылғы Еуропа чемпионатынан кейін футболшымен «Динамо» басшылығы келісімін ұзартуды қаламаған-ды.

Естеріңізге сала кетсек, Артем Милевскийдің «Ақтөбеге» ауысуы туралы ақпараттар бірнеше апта бұрын тараған болатын. Өз кезегінде қазақстандық команданың бас бапкері Владимир Никитенко клубында шабуылшылардың жеткілікті екенін жеткізген де еді. Енді ат басын қайта бұрған футболшының өткен маусымдағы ел чемпиондарының қатарын толықтыру, толықтырмауы алдағы күндері белгілі болмақ.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:vk.com

Ө. Сансызбай