"Пластикалық ота, екінші бөлім"

Болат Қосмағамбет Корреспондент
"Пластикалық ота, екінші бөлім"

Бірінші ауыр салмақтағы (90,892 келіге дейінгі) WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы, ресейлік Денис Лебедев пен оның чемпиондық атағына үміткер панамалық Гильермо Джонс арасындағы қарымта кездесу 12 сәуір күні Мәскеуде өтетін болып шешілді.  

БӨЛІСУ

Қос тарап қаңтар айының соңына қарай кездесуге рұқсат беретін келісімшартқа соңғы нүкте қойған екен. Естеріңізге сала кетсек, қос боксшы өткен жылдың мамыр айында дәл осы Мәскеу қаласында алғаш рет кездесіп, сол кезде Джонс шаршы алаң иесін 11 раундта нокаутпен жеңген болатын. Алайда кейін допингтік комитет панамалықтың қанынан тыйым салынған дәрінің қалдықтарын тауып, нәтижесінде ол жеңіп алған чемпиондық атығынан айрылып қалған еді. Осылайша Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) Лебедевке алтын белбеуін қайтарып берді. Ал Джонсқа «демалыстағы чемпион» атағы таңылды. Яғни ол бойынша бокс ұйымы оған қарымта матч өткізу міндетін жүктеді.  

Осылайша бокс жанкүйерлері сәуір айында бітіспес қарсыластардың арасындағы шайқастың екінші бөліміне куә болғалы тұр. Екеуі де қазірдің өзінде бір-біріне даулы мәлімдемелер жасап әлек. Панамалық боксшы «ресейлік Денис Лебедев екінші жекпе-жектен кейін міндетті түрде бетіне пластикалық ота жасайды» деп жұртты елең еткізді. Оның бұлай деп айтуына да себеп жоқ емес. Өйткені сол алғашқы кездесуде Джонс жұмсаған соққылардың кесірінен Лебедевтің беті адам танымастай өзгеріп кеткен еді. Одан кейін ресейліктің көп уақыт бойы ем-дом қабылдап, бетін қалпына келтіргені де белгілі.

1

Қазіргі кезде Лебедев алда болатын кездесуге АҚШ жерінде Фредди Роучтің қарамағында дайындалып жатыр. Ал Джонс болса, осыған байланысты былай деп мәлімдеді: «Лебедев Роучтің бе, Роккидің бе кім болса, ол болсын кез-келгенінің қол астында дайындала берсін. Бәрібір одан шығатын нәтиже шамалы. Ал біздің алдағы жекпе-жегіміз «пластикалық ота, екінші бөлім» деп аталатын болады».

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: m.rsport.ru