Головкиннің қарсыласы осы аптаның соңында белгілі болады

Головкиннің қарсыласы осы аптаның соңында белгілі болады

WBA және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің (29-0, 26 КО) кезекті қарсыласы осы аптаның соңына қарай белгілі болмақ. Бұл туралы оның промоутері Том Леффлер мәлімдеді.  

Головкиннің 2014 жылы өткізетін екінші кездесуі оның мансабындағы 30 жекпе-жегі саналады. Ол 26 сәуір күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді деп жоспарланған.

Әзірге болашақ қарсыласының кім болатыны нақты белгісіз. Алайда Леффлердің сөзінше, ол ирландиялық Энди Ли (31-2, 22 КО) болуы әбден мүмкін. Қалай десек те, осы аптаның соңында Нью-Йоркте өтетін баспасөз маслихатында Генаның болашақ қарсыласының есімі көпшілікке ресми түрде жарияланатын болады.

Геннадий (GGG) Головкин ағымдағы жылы жалпы саны 4 кездесу өткізбек. Оның алғашқысын 2 ақпан күні Монакода өткізгені белгілі.   

Ал екінші жекпе-жегі 26 сәуір күніне жоспарланса, тағы да екі кездесу жаз бен күз айларында өтеді деп күтілуде. Алайда ол кездесулердегі қарсыластарының есімдері әзірше белгісіз болып отыр.  

Естеріңізге сала кетсек, қазіргі кезде Головкиннің белінде WBA/IBO тұжырымдарының чемпиондық белбеулері бар. Қазақстандық боксшы өзі өткізген 29 кездесуінің барлығында да жеңіске жеткен. Оның 26-сы уақытынан бұрын, яғни нокаутпен аяқталды. Өзінің соңғы өткізген жекпе-жегінде ол ганалық Осумана Адаманы жетінші раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірген еді.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: sports.kz

 

Б. Қосмағамбет