Мартинес Головкинмен кездесуі мүмкін бе?

Мартинес Головкинмен кездесуі мүмкін бе?

Орта салмақтағы WBC чемпионы, қазіргі таңдағы осы салмақ дәрежесіндегі әлемнің ең үздік боксшысы саналатын аргентиналық Серхио Мартинес (51-2-2, 28 КО) өзінің кезекті кездесуі алдында (Мигель Коттомен) WBA/IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинмен (29-0, 26 КО) болуы мүмкін жекпе-жегі жөнінде ойымен бөлісе кетті.

Айта кетейік, Мартинес 7 маусым күні Нью-Йоркте үш бірдей салмақ дәрежесіндегі әлемнің экс-чемпионы 33 жасар Мигель Коттомен (38-4, 31КО) өз атақтарын қорғау үшін рингке көтерілетіні белгілі. Аргентиналық болса бұл кездесуді уақытынан бұрын өз пайдасына жазатынына сенімді. Осы оқиға орын алысымен Серхио Мартинес қазақстандықпен кездесуге ойлануға уәде беріп отыр.

«Мен Коттоны құлатқаннан соң, Головкинмен кездесуге дайындалсам болады. Ол өте қауіпті қарсылас екендігіне күмән жоқ. Ол оның техникасына байланысты емес, тікелей физикалық күшінің арқасы. Головкин өте ауыр соққылардың иесі, сондай-ақ өзіне жұмсалған соққыларға да төтеп бере алады. Қазір онымен кездесудің кезі келген сияқты. Себебі уақыт өткізіп алсақ, ол тәжірбиелі бола түседі де, мен үшін біраз қиындық туғызары анық»,-деп келтіреді Мартинес сөзін BoxingScene.com.

Осыған дейін Головкиннің өзі де ең бірінші кезекте Мартинеспен кездескісі келетінін мәлімдеген болатын. Ал америкалық беделді ESPN телеарнасы аталған кездесуді жылдың көптен күткен жекпе-жектері қатарынан көрген еді. Сондай-ақ аргентиналық Мартинес Геннадийден бөлек, қарсыластары кездесуден жиі «қашатын» онжылдықтың боксшысы саналады. Ал BleacherReport порталы болса, Головкинді Мартинестің «қорқынышты түсі» деп атаған болатын.

Ал Головкинге келер болсақ, ол өзінің алдағы кездесуін 26 сәуір күні Нью-Йоркте өткізбекші. Промоутерінің (Том Леффлер) сөзінше, ол кездесуде Генаға британдық Энди Ли қарсылас атану мүмкін. Себебі оған дейінгі кандидаттардың барлығы да кездесуден белгісіз себептерге байланысты бас тартты. Ал биылғы жылы Головкин жалпы саны төрт кездесу өткізбек. Оның алғашқысын 2 ақпан күні Монако жерінде ганалық Осумана Адамаға қарсы өткеріп, жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеткен болатын.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: sport-express.ua

 

Б. Қосмағамбет