Қазақстан ФИФА рейтингіндегі орнынан қозғалмады

Қазақстан ФИФА рейтингіндегі орнынан қозғалмады

Футболдан халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) ұлттық құрамалардың жаңа рейтингін жариялады. Қаңтар айының қорытындысындағы нәтиже бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы осымен үшінші рет 128-ші орыннан қозғалмады.

Көш басында келе жатқан алғашқы ондықтағы ұлттық құрамалардың нәтижелерінде аздаған өзгерістер орын алды. Испания ұлттық құрамасы тізгінді өз қолында ұстаса, Германия мен Аргентина алғашқы үштікті қорытындылап тұр. Португалия құрамасы Колумбияны бір саты төмен сырғытып, төртінші орынға көтерілсе, Швейцария да 2 саты жоғарылап, алтыншы орынға табан тіреді.

Ең төменгі нәтижені африкалық Гана мен Того елдері көрсетіп отыр. Олар 19 саты төмендеген. Ал бұл рейтингтің үздік көрсеткіші Кариб теңізіндегі Кіші Антиль аралдар тобына жататын Сент-Винсент аралы мен Гренадина аралдар тобының футболшыларына тиесілі болды. Олар бірден 14 саты жоғарылап, 141-ші орынға табан тіреген. Жақында ғана ресейлік маман Юрий Красножан бас бапкер болып келген Қазақстан ұлттық құрамасы соңғы екі айдағы көрсеткішін қайта қайталап отыр. Алда еліміздің теңбіл доп шеберлері Литва құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Ол ойын наурыз айының 5-ші жұлдызына белгіленген.

Алғашқы ондыққа енген ұлттық құрамалар тізімі:

1 (1). Испания - 1506 ұпай,
2 (2). Германия - 1314,
3 (3). Аргентина - 1255,
4 (5). Португалия - 1219,
5 (4). Колумбия - 1211,
6 (8). Швейцария - 1159,
7 (6). Уругвай - 1157,
8 (7). Италия - 1135,
10 (9). Бразилия - 1125,
10 (9). Голландия - 1125,

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sport-express.ua

Ө. Сансызбай