GGG Team Лараның ұсынысын қабылдамады

GGG Team Лараның ұсынысын қабылдамады

Орта салмақтағы WBA/IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий (GGG) Головкин WBA тұжырымының уақытша чемпионы кубалық Эрисланди Ларамен кездесуге қызығушылық танытпайды.  

Осыған дейін 30 жасар Куба елінің былғары қолғап шебері Головкинді кездесуге шақырған болатын. Алайда қазақстандық боксшының промоутері Том Леффлер бұл кездесуге қызығушылық танытпайтынын мәлімдеді.

Леффлердің сөзінше, Лараның кандидатурасын НВО телеарнасы мақұлдамаған әрі бұл боксшы команда үшін еш «қызықсыз» көрінеді. Промоутер кубалық боксшы бірінші кезекті Генадан бұрын Питер Куиллинді (WBO чемпионы) кездесуге шақырғаны дұрыс дегенді айтады. Егер сол кезде Лара жеңіске жетіп, чемпиондық атаққа ие болатын болса ғана GGG командасы келіссөз жүргізуге дайын.

«Лара Showtime жұдырықтасып, Мартиросян және Молинамен тең түсті. Ал Головкин – Стивенс кездесуі жоғары рейтинг көрсеткені белгілі. Ал Лараны кім қарайды? Кімге қызықты? Лара бірінші орта салмақта және Showtime-мен келісімі бар. Сондықтан да ол біз үшін мүлдем қызықсыз. Лараға одан да Флойдты кездесуге шақырған дұрысырақ. Оларда бір промоутер мен бір арна. Сондықтан да оған Генамен кездесуден бұрын Флойдпен шығу әлдеқайда тиімдірек»,-деп жазды Леффлер өзінің туиттердегі парақшасына.

Естеріңізге сала кетсек, Геннадий Головкин ақпан айының басында Монте-Карлода өткен кездесуде ганалық Осумана Адамаға қарсы шығып, жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеткен болатын. Енді ол өзінің келесі жекпе-жегін 26 сәуір күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden кешенінде өткізбек. Әзірге қарсыласының кім болатыны нақты белгісіз. Алайда промоутердің сөзінше, ол британиялық боксшы Энди Ли болуы әбден мүмкін. Ал осыған дейінгі үміткерлер Джеймс Киркленд пен Дэниэл Гил кездесуден бас тартты.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: boxmir.com

Б. Қосмағамбет