Мейвезермен кездесу үшін талас...

Мейвезермен кездесу үшін талас...

Ұлты пәкістандық Ұлыбритания елінің былғары қолғап шебері, Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері Әмір Хан әлемдегі ең бай боксшы, америкалық Флойд (лақапаты "Ақша") Мэйвезердің болашақ қарсыласы атану үшін болған сайыста «жеңіске жетті». Бұл жөнінде Fightnews порталы хабарлайды.

Осыған дейін Мэйвезер өзінің Instagram желісіндегі парақшасына Әмір Хан мен аргентиналық Маркос Майдананың суреттерін жариялаған болатын. Ондағы мақсаты – алда болатын кездесуін аталған боксшылардың қайсысымен өткізуді жанкүйерлердің дауыс беру нәтижесінде анықтау болған.

Бастапқыда бұл сайыста Майдана үлкен басымдықпен алға шыққан болатын. Алайда Хан өзінің туиттердегі фанаттарына дауыс беруді сұрап, өтініш білдіргеннен соң, жағдай 180 градусқа өзгеріп сала берді. Осылайша Әмір Хан 57 пайыз дауыс жинаса, Майданаға респонденттердің 43 пайызы дауыс берді.

1

Әмір Хан

Ал Майдана болса, Мейвезердің парақшасындағы дауыс беруде Ханға жол берместен бұрын, жанкүйерлерді оған ешқандай мән бермеуге шақырды. Оның орнына ол Ханмен қайта кездесуді ұсынған. Айта кетейік, Хан мен Майдана 2010 жылдың желтоқсанында жұдырық түйістіріп, сол кездесуде британдық боксшы қапталдағы төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жеткен еді. Ал олардың кездесуі америкалық The Ring журналының «Жыл жекпе-жегі» номинациясына үміткер атанған болатын.

Флойд Мэйвезер қазіргі таңдағы барлық салмақтағы боксшылар арасында үздік саналады. Ол өзінің кәсіпқой бокс мансабында 45 кездесу өткізіп, оның барлығында да жеңіске жеткен. Ал британиялық Әмір Хан болса 31 жекпе-жек өткізіп, оның 29-ында жеңіске жеткен (19 кездесу уақытынан бұрын аяқталды) және 3 рет жеңіліске ұшырады.   

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: vk.com/money_floyd

Б. Қосмағамбет