Эрисланди Лара: "GGG, менімен кездесуге қалай қарайсың?"

Эрисланди Лара: "GGG, менімен кездесуге қалай қарайсың?"

Бірінші орта салмақтағы WBA тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы кубалық Эрисланди Лара (19-1-12 КО) орта салмақтағы WBA/IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинді (29-0, 26 КО) жекпе-жекке шақырды.

«GGG менімен кездесуге қалай қарайсың? Ал мен кез-келген уақытта сенімен шығуға дайынмын»,-деп жазады өзінің туиттердегі парақшасында Лара.

Өзінің соңғы жекпе-жегін 30 жасар кубалық 2013 жылдың 7 желтоқсанында Нью-Йорк қаласында осы салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы 28 жасар америкалық Остин Траутпен өткізген болатын. Өз атағын қорғау үшін ринге көтерілген Лара шаршы алаңда 12 раунд өткізіп, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.  

Головкин өзінің келесі кездесуін 26 сәуір күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden кешенінде өткізеді. Ал промоутер Том Леффлер Генаның алдағы қарсыласы WBC белбеуіне бұрынғы үміткер британдық Энди Ли (32-2, 26 КО) болады дегенді айтады. Оған дейін қазақстандық боксшының болашақ қарсыластар ішінде америкалық Джеймс Киркленд пен аустралиялық Дэниэл Гил болған еді. Алайда кейін белгілі болғандай, екі боксшы да белгісіз себептерге байланысты кездесуден бас тартты.  

Естеріңізге сала кетсек, Геннадий Головкин 2 ақпан күні Монакода өткен өзінің соңғы кездесуінде ганалық Осумана Адаманы кездесудің жетінші раундында техникалық нокаутпен жеңіп, өз атақтарын сәтті қорғап қалған еді. Бұл қазақстандықтың уақытынан бұрын аяқтаған қатарынан 16 кездесуі саналады.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет:  beatsboxingmayhem.com

Б. Қосмағамбет