Сочиге қандай жұлдыздар келеді?

Сочиге қандай жұлдыздар келеді?

Бүкіл әлемнің назары Сочиде өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында екені айтпаса да белгілі. Мүмкіндігі бар спорт сүйер қауымның біршамасы көрші елге билет алып, додаларды тікелей тамашалауды бастап та кетті. Керек десеңіз, олардың арасында танымал өнер жұлдыздары да бар. 

7 ақпан күні Ресейге голливудтік ерлі-зайыпты Анджелина Джоли мен Бред Питтің келгені мәлім болды. Оларға жолдама дайындаған ресейлік турагенттіктің қызметкерлері жұлдыздардың қай уақытта келетіндігін жариялаудан бас тартқан. Себебі екі тарап құпия сақтауға келіскен көрінеді. Анығы – Анджелина мен Бред Олимпиада Ойындарының соңына дейін Сочиде болады. Starandstar.ru сайты кино майталмандарының таяуда БАӘ-не кететіндігін жазады. Араб Әмірлігінде Бред жаңа фильмге түсетін болады.


Айтулы аламан басталмас бұрын Арнольд Шварцнеггердің, Стивен Сигалдың, Джастин Бибердің, Ванесса Мэй мен Джива Скованың Ресей жеріне келетіндігі хабарланған болатын. Алайда, ешбірінің де келетін уақыты, тоқтайтын жері анық емес. 

Арнольд Шварцнеггер бір ай уақыт бұрын ұшақ билеті мен жанкүйер құжатын алып қойған. "Темір Арни" қысқы спорт түрлеріне өте жақын. Ол бодибилдингпен, мәнерлеп сырғанаумен айналысып, бірнеше сайыстарда жеңіске жеткен.

Теннисші ару Мария Шарапова Сочиге жанкүйер болу үшін ғана емес, америкалық NBC арнасының корреспонденті қызметін атқару мақсатымен келген екен.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: 24smi.org